"Мұндайларға заң жүрмейді": Маңғыстау облысындағы Қызылкүп шатқалына көлікпен кіргендер жазаланды

Полиция Маңыстау облысындағы "Тирамису" (Қызылкүп шатқалы) аумағында жол талғамайтын көлікпен жұргендерді анықтап, жауапкершілікке тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Демалушылар "Тирамису" (Қызылкүп шатқалы) аумағында жол талғамайтын көлікпен жүрген сәті видеоға түсіп қалған.
Видео авторы мұндай жағдайлар жиі орын алатынын айтты. Адамдар мұндай әрекеттер бірегей табиғи нысанға айтарлықтай зиян келтіретінін атап өтеді.
"Біз өз аумағымызды осылай қорғаймыз. “Тирамису” үстімен көлікпен жүріп аламыз да, кейін адамдар табиғатты бұзып жатыр деп айтамыз. Мұндайларға заң жүрмейді", – дейді видео авторы.
Жергілікті тұрғындар бұл жағдайға наразылық білдіріп, заң бұзушыларды жауапқа тартуды талап етті.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, көліктер қатысқан жазба интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу барысында анықталған.
"Оқиға 2026 жылғы 27 сәуір күні шамамен сағат 20:50-де болғаны белгілі болды. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлері үш жүргізушінің жеке тұлғасын анықтады. Олардың барлығы Toyota 4Runner маркалы автокөліктерді басқарған. Заңбұзушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы 1-бөлігі – "Аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзу" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар олармен профилактикалық әңгіме жүргізілді", – делінген ақпаратта.
Полиция мұндай әрекеттер табиғи нысандарға зиян келтіретінін ескертіп, азаматтарды қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырды.
Еске салсақ, Маңғыстауда табиғи маңызы бар аймақты туристер әсерлі видео үшін көлігімен бүлдіргенін жазғанбыз. Видеодан кейін көпшілік шатқалға кіреберісте бақылау бекеттерін орнатып, айыппұлды күшейтуді талап етті. Олардың пікірінше, кей туристер табиғат аясында тыныштық сақтаудың орнына қатты әуен қойып, қоқыс қалдырып, айналаны ластап кетеді.
"Еркекке айналып, жас қыздармен қатынасқа түседі": Қазақстандық әйелдер түрмедегі былықтарды жайып салды
Оқыңыз