"Су, электр, жылу саласына қатысты": Елімізде жеке кәсіпкерлерге жаңа есеп беру талабы енгізілмек
Қазақстанда жеке кәсіпкерлерге (ИП) жаңа есеп беру талаптары енгізілуі мүмкін. Өзгерістер Салық кодексі аясында қарастырылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысқан жиында қызмет көрсету саласындағы есеп беру ережелерін жаңарту ұсынылды. Енді бұл талаптар бұрын қамтылмаған жеке кәсіпкерлерге де таралуы мүмкін. Сонымен қатар есеп тапсыру мерзімі айтарлықтай өзгереді. Бұған дейін есеп әр айдың 10-ына дейін тапсырылса, енді тоқсан аяқталған соң ай соңына дейін өткізіледі.
Жаңа талаптар су, электр, жылу, кәріз, қалдық шығару, лифт қызметі және тасымал салаларында жұмыс істейтіндерге қатысты болады. Қазір осы салалардағы жеке кәсіпкерлер бұл нормадан тыс қалып отыр. Енді билік бұл олқылықты жойып, барлық бизнеске бірдей талап енгізуді көздейді.
Сонымен қатар міндетті есеп құрамынан кейбір коммуналдық қызметтер туралы деректер алып тасталады. Себебі бұл ақпарат қазірдің өзінде мемлекеттік кірістер органдарының жүйесінде бар.
Тағы бір өзгеріс сақтандыру компанияларына қатысты. Олар Халықаралық қаржылық есептіліктің 17 стандартына көшеді. Соның әсерінен 2026 жылы салық жүктемесі күрт артуы мүмкін. Осыған байланысты салықты 2026–2028 жылдар аралығында бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі.
Бұдан бөлек, бизнес қарыздарын сатып алу операцияларына (факторинг) қатысты өзгерістер ұсынылды. Қазір бұл операцияларға қосылған құн салығы салынады. Соның салдарынан қаржыландыру шамамен 16% қымбаттап, құрал іс жүзінде қолданылмай отыр. Енді бұл салықты алып тастау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар билік Қазақстан қор биржасы арқылы жасалатын операциялар бойынша шетелдік инвесторларға арналған салық жеңілдігін қайта енгізбек. Бұл жеңілдік тек жеке тұлғаларға емес, компанияларға да қолданылуы мүмкін.