Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларым, анам, өзім де зардап шегуім мүмкін еді": Ұлдана ісінде айыпталушы сөз сөйлеп, жылап қалды

Ұлдана
Фото: видеодан скриншот

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта сөз айыпталушы Сәуле Жұбаниязоваға берілді. Ол өзін кінәсіз санайтынын айтып, үйдегі ақаулардан хабардар болмағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жұбаниязованың айтуынша, өзі де сол үйде жақындарымен бірге тұрады. Сондықтан ғимаратта қауіп барын білген жағдайда шарасыз отырмас еді.

"Мен бұл үйде өзім тұрамын, жақындарым да осында. Бұл қайғылы жағдайда менің балаларым, анам немесе өзім де зардап шегуім мүмкін еді. Егер осындай қауіп барын білсем, шара қолданбай отырар ма едім? Мен ОСИ төрайымы ретінде ғана емес, осы үйдің тұрғыны ретінде де оның ақаусыз болғанына мүдделімін", – деді Сәуле Жұбаниязова.

Айыпталушы сондай-ақ үйді басқаруға оқиғадан алты ай бұрын кіріскенін және оған дейінгі техникалық құжаттардың барлығы өзіне берілмегенін айтты.

Сөзінің соңында Сәуле Жұбаниязова басынан өткен жағдайды айтып, сот залында көзіне жас алды.

"Қысқа уақыттың ішінде өмірім астаң-кестең болды. Мұндайды ешкімнің басына бермесін. Мен өзімді кінәсіз деп санаймын. Сот әділ әрі дұрыс шешім шығарады деп сенемін", – деді ол.

Еске салайық, 18 тамызда Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Іс бойынша Ұлдана қаза тапқан үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қылмыстық кодекстің "міндеттеріне адал қарамау" бабы бойынша айып тағылған. Айыпталушы сотта өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және кінәні мойындамайтынын мәлімдеді. 

2 қыркүйек күні өткен сот отырысында тұрғын үйдің қасбеті опырылған сәт көрсетілген еді.

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 24 Қыркүйек, 2026 16:01