"Жол сапасынан емес": Тоқаев өлімге әкеп соғатын жол-көлік апаттарының себептеріне тоқталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде “Заң мен тәртіп” идеологиясы өмірдің барлық саласында берік ұстанымға айналуға тиіс екенін атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президенттің айтуынша, қоғамдық орындағы жүріс-тұрыс мәдениетінен, оның ішінде жиын-тойлардан, тұрмыстық мәдениеттен бастап, жолда көлік жүргізу мәдениетіне дейін осы мызғымас қағидатқа сай болуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін де жол қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқталғанын еске салды.
“Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл сайын көлік апатының кесірінен, соның ішінде көп жағдайда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзудың салдарынан мыңдаған адам көз жұмады. Бұған жол беруге болмайды”, – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар мемлекет басшысы бұған дейін елімізде көлік апаттарының көптігін жол сапасының нашарлығымен байланыстыруға тырысқанын еске салды.
“Кейінгі бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғыртуды қолға алдық. Бірақ қайғылы оқиға азаймай тұр. Демек бұл жағдайға үкімет пен қоғам жіті назар аударуы керек. Азаматтар бекітілген ережелердің бәрін мүлтіксіз сақтайтын көлік жүргізу мәдениетін қалыптастырған дұрыс”, – деді президент.
ОқыңызЕске салайық, 21 наурызда Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында ауыр жол апаты болды. Zeekr көлігі қарсы жолаққа шығып, Mercedes-пен соқтығысқан. Нәтижесінде 3 адам қаза тауып, Zeekr жүргізушісі жарақат алды.
Айта кетейік, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал деп санайды. Бейресми деректерде Ержан Узабаевтың аты аталды, алайда полиция бұл ақпаратты нақтылаған жоқ.
Оқиғадан кейін жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды. Ішкі істер министрі Ержан Саденов қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.
Перизат Қайраттан тәркіленген 80 миллиондық Mercedes астаналық полицейлерге берілді