Зируза: 91 тобындағы Bala-ны қатты жақсы көрдім, онымен айырылысу қиын болды
Әнші Зируза жеке өмірі мен өткені жайлы ашық айтты. Махаббат достықтан басталады деген әнші қызықты оқиғаларын еске алды. Ал бұрынғы сүйіктісімен арадағы қатына керісінше достыққа айналғанын айтады.
Зируза бұған дейін бірнеше рет 91 тобының әншісі Данияр Құлымшинмен ара қатынасы туралы айтқан еді. Үш жыл кездескен жұп аяқ астынан екі жаққа кетті. Бұл ажырасу екі жақ үшін де ауыр соққанға ұқсайды.
“Данияр екеуміз 2013 жылы сөйлесіп, дос болып жүрдік. Кейін қыз-жігіт болып кездестік. Үш жыл кездестік. Кейін желіге сурет тарап кеткеннен кейін, бәрі мені кінәлады. Ол арқылы өзінің танымалдығын арттырғысы келді деп айыптады. Біз жасырын жүрген едік. Ол кезде 91 тобының жігіттеріне қызбен кездесуге болмайтын. Солай арамыз алыстап кетті. Ол кезде Инстаграмның жаңа дамып келе жатқан кезі. Мен соны түсінбей шатасып жариялап жіберіппін. Кейін өшіріп үлгердім. Бірақ сырымыз ашылды”, – деді әнші.
Әнші Данияды шын жақсы көргендіктен айырылысудың ауыр тигенін айтады.
“Мен екі жылдай жаман болып жүрдім. Онсыз өмір тоқтап қалған секілді болды. Ол да қиналды. Сөйлесіп жүрдік. Маған “мықты бол” деді. Қазір әрі артта қалды. Өткеннің еншісінде. Мен ешнәрсе де әдейі істеген жоқпын. Жақсы дос. Өзім жақсы көрген адамға жамандық тілемеймін ғой. Данияр да маған ол үшін ренжіген жоқ”, –деді ол.
Зируза жас кезінде бұзық қыз болғанын, тіпті қыздармен шаш жұлысып, талай төбелескенін айтты. Одан бөлек өзі ұнатқан жігіттің сүйіктісі бар екенін білгенін мойындайды.
“Бір жігіт маған сөз салды. Ол да маған ұнайтын. Бірақ оның сүйіктісі бар екенін біліп қалдым. Сосын “Ұятсыз бала” деген ән жаздым. Ол өз сүйіктісінің көзіне шөп салып, маған сөз айтып жүргені ұнамады”, – деді ол.