Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жұмыс уақытын өзі реттей алады": Еңбек вице-министрі бірыңғай уақыт белдеуін алып тастаудың қажеті жоқ екенін айтты

2 тамызда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин Қазақстанның бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петицияны қоғамдық талқылау барысында пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Pixabay.com

Анафин уақыт өзгерістеріне бейімделу үшін Еңбек кодексінде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін нормалар бар екенін атап өтті. Сөзінше, Еңбек кодексінің 63-бабына сәйкес еңбек тәртібін жұмыс берушінің өзі реттейді.

"Бұл қағидалар жұмыс, демалыс уақытын, еңбек тәртібін қамтамасыз ету шарттарын және еңбек қатынастарын реттейді. Еңбек кодексінің 71-бабының 5-тармағына сәйкес, күнделікті жұмыстың ұзақтығы, демалыс, ауысымның басталу және аяқталу уақыты, сондай-ақ уақыт үзілістері еңбек тәртібімен және ұжымдық еңбек келісімімен белгіленеді. Осылайша, жұмыс берушілер мен қызметкерлерде жұмыс уақытын икемді реттеу тетіктері бар", – деді Анафин.

Ол қазіргі нормалар қазірдің өзінде уақыт белдеулерін өзгертпей-ақ басқа уақытқа бейімделуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Еске салайық, 1 наурызда Қазақстанның барлық аймағы бір уақыт белдеуіне ауысты. Алайда бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейін қазақстандықтар жарыққа көп шығындалатын болды. Наурызда ел тұрғындары ақпан айымен салыстырғанда электр энергиясын 364 млн кВт/сағат артық пайдаланған. 

Бұған дейін бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция 50 мың қол жинағаны туралы жазған едік. Ал министрлік бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петицияны қанағаттандырмай қойды.

Талқылау