Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұбайына хабарласуды өтінді: Құтқару барысында күйік шалған елордалық құтқарушының достары оқиғаны баяндап берді

Құтқарушы Асқар Забикулин елордалық көпқабатты үйдегі адамдарды өрттен құтқару барысында өзі жапа шегіп, жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия” бірінші арнасына сілтеме беріп.

асқар забикулинТүсірілімнен скриншот

Құтқарушының денесі 80% күйік шалып, медициналық комаға енгізілді. Ол өкпесін жасанды желдету аппаратына қосылды.

Төтенше жағдай 16 қарашада болған. Асқар Забикулин өртеніп жатқан пәтердің терезесінен кіру үшін арнайы киімдерін шешіп, тек комуфляж бен маска киіп, жанып жатқан бөлмелерден өтті. Құтқарушы пәтерден егде жастағы әйел мен немересін алып шықты. Содан кейін көрші пәтерден он жастағы баланы құтқарған. Бала қорыққаннан балконға тығылған.

Забикулиннің достары сол жерде басқа жол болмағанын айтты. 

"Ол өз жұмысына адал. Мұны бәрі біледі. Менің білуімше, оны жедел жәрдемді алып бара жатқанда, ол жұбайына қоңырау шалуды өтінді. Ауыр халде жатып, оған бірдеңе жеткізгісі келді, бірақ не айтқаны түсініксіз", – деді Забикулиннің досы Абылайхан Бірлес.

Жұбайы Анель Асқармен бірге екі бала тәрбиелеп отыр. Отбасы оның тезірек айығуын күтуде.

"Таңертең мен достарымнан, таныстарымнан, күйеуімнің әріптестерінен қолдау алдым. Барлығына рахмет. Асқар, сен мықтысың. Мен сенімен мақтанамын. Біз бәрін бірге жеңеміз. Сен біздің қаһармансың! Мен саған сенемін, екеумізге сенемін. Әрдайым жаныңдамын!", – деді жұбайы.

Қаһарманның жақындары оның еміне қаражат жинауды жариялады. Өйткені оның қалпына келуі ұзақ уақыт пен қаражатты қажет етеді.

Асқардан басқа өрттен тағы бір құтқарушы Аян Кемпіров зардап шекті. Ол 10% күйік алды. Қуанышқа орай, оның өміріне қауіп төнбейді. Құтқарылған әже мен немересі ауруханада.

Өрт сөндірушілермен бірге көшеде өтіп бара жатқан жолаушы көмекке келген. Ол перзентханаға жұбайын алып шығуға гүл таңдап жатқанда, көмекке шақырып жатқан дауыстарды естіген. Көмекке келген Арғын Жанділдаев үш жасар баланы көрпеге орап, далаға шығарды.

"Есікті ашқан кезде денесін өрт шалған өрт сөндірушіні көрдім. Өте жас жігіт, ол газ маскасы мен оттегі баллонын алып тастауға көмектесуін сұрады. Содан кейін телефонын алып, командирге қоңырау шалуымды өтінді. Өрт сөндіру сатысын берсін деп айтты. Көмек бергеннен кейін перзентханадан тұңғыш ұлымды шығарып алдым”, – деді көмектескен тұрғын.

Өз өмірін қатерге тігіп, басқалардың өмірін сақтап қалған батырлар бірінші және үшінші дәрежелі Айбын ордендерімен марапатталды. Министр Юрий Ильин Асқар Забикулиннің отбасына барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырды. Ведомствода қызметтік тексеру басталды.

Талқылау