"Жүздеген отандасымызды сабатып, үндемей отыра береміз бе?": Мәскеу полициясы қырғызстандық мигранттарды ұрып-соқты деп айыпталды
Қырғызстанның Жогорку Кенеш депутаты Жанар Акаев желідегі парақшасында 10 сәуірде Мәскеудегі "Бодрость" моншасында Қырғызстаннан шыққан азаматтарға күш қолдану оқиғасы болған. Депутат оқиға орнынан түсірілген видео мен фотоларды бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
"Отандастарым, бұл ақылға сыя ма? Мәскеудегі қырғыз кәсіпкерінің моншасына арнайы жасақтарымен бірге бір топ адам баса-көктеп кіріп, отандастарымызды қатыгездікпен соққыға жықты. Жуырда ғана басқа бір қырғыз кәсіпкерінің ғимаратына баса-көктеп кіріп, адамдарды қылмыстық топтар мен террористерден де сорақы етіп сабаған еді. Біз Еуразиялық экономикалық одақ мүшесіміз, одақтаспыз, стратегиялық әріптеспіз, енді не, жүздеген отандасымызды сабатып, үндемей отыра береміз бе?" – деп жазды Жанар Ақаев.
Депутат бұл оқиғаға билік пен сыртқы істер министрлігі, елшілік тарапынан шұғыл әрекет қажет екенін атап өтті. Қоғамға нақты ақпарат беріліп, кінәлілер жауапқа тартылуға тиіс деді.
Зардап шеккендердің бірі Әлихан қазақстандық басылымдардың біріне берген сұхбатында қырғыз азаматтарын бес сағат бойы моншада ұстап, аяусыз сабағанын айтты.
"Біз де қашып кетуге тырыстық, бірақ ешкімді шығармады. Сосын бәрін сабай бастады. Кім ұрып жатқанын ажырату мүмкін емес. Басты көтеруге де рұқсат бермеді. Қолдарында дубинка мен электрошокер болды. Бір ер адамды сол жерде жартылай сақалын қырып тастады. Ол қарсылық білдірген кезде бетінен ұрды. Бізге не үшін қол көтеріп жатқанын да айтпады және ешкім құжат сұрамады", – деді Әлихан.
Әлиханның айтуынша, жоғары лауазымды полиция қызметкерлері келген соң ғана соққы тоқтаған. Кейін ұсталғандарды әртүрлі бөлімшелерге таратқан. Әлиханның өзі айыппұл төлеген соң екі сағаттан кейін босатылған. Қырғызстанның еңбек министрлігінің хабарлауынша, ұсталған 24 қырғыз азаматының төртеуі Ресейден депортацияланады.
Еске салайық, бұған дейін белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызының Қытайдан келген қазақтар туралы мәлімдемесі желіде қызу талқыланғанын жаздық. Полицейлер қандастар туралы "қауіпті" деген жазбаны тексерген еді. Сәуле Әбілдаханқызы Қытайдан оралған азаматтарсыз-ақ парламенттің жұмысы жүреді деп, қандастардың шамына тиетін сөздер жазған