Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ломбардтың алданған клиенттері сейфтерді ашуға тырысқан: Қазақстанның бірнеше қалаларында жанжал шықты

Ақтөбеде қаржы пирамидасына алданған тұрғындар ақша өткізген ломбардтың кеңсесін тас-талқан етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК арнасына" сілтеме жасап.

актобе

Ашуға булыққан жұртты сабырға шақыру үшін арнайы жасақ оқиға орнына келген. Қаражат әдеттегі схема бойынша жиналған. Нәтижесінде жұрттың ақшасын иемденгендер із-түссіз кеткен. "Гарант 24 Ломбард" деп аталатын компанияға  елдің түкпір-түкпірінде мыңдаған адам ақша құйған. Олардың тек бір шарасы бар, ол полицияға шағым түсіру.

Ақтөбенің орталығындағы қаржылық ұйымы кеңсесінің алдына таң атысымен қаланың жан-жағынан 100-ге жуық адам келген. "Гарант 24 Ломбард" компаниясы екі күн бойы ақша беруді тоқтатып, кеңсесін жауып тастаған. Басшыларының ізін суытқанын естіген қарапайым халық кеңсенің есігін бұзып, оның тас-талқанын шығаған. Енді біреулері сейфті алып қараларын батырмақшы болған.

Полиция қызметкерлері алданған жұртты сабыр сақтауын өтінгенімен, олардың ызасына кедергі бола алмаған. Сол себепті арнайы жасақ сарбаздарының көмегіне мәжбүр болды.

ломбард

"Гарант 24 Ломбардқа" ақша салған тараздықтар да полиция қызметкерлеріне жаппай шағымданып жатыр. Олардың ең азы жарты миллион теңгеден бастап, тіпті көліктері мен баспаналарын да пирамидаға салған.

 "Менің үйімді 12 миллион теңгеге сатып алды. 12 миллионның екі айын берді. Сол екі айын өзіне қайтып салдым, 5 миллион теңгесін. Ол бес миллионның бір тиынын да алған жоқпыз, он екі миллионмен. Үйімді де сатып жіберген басқа клиенттерге", -дейді Серік Бекбауов, Тараз қаласының тұрғыны.

Аталмыш ұйымның кесірінен Атырауда да 100-ге жуық адам көліксіз қалған. "Қара алтын" өлкесінің жұрты да қаражатпен қоса көліктерін де өткізген. Олар кеш батысымен мекеменің кеңсесін торуылдап жүр. Қазір "Гарант 24 Ломбард" компаниясының еліміздегі барлық филиалы тексеруден өтіп жатыр. Ал Ақтөбедегі басшысына іздестіру басталды. 

"Қазір ол адамдарды іздестіру жұмыстарын өткізіп, олар туралы мәліметті анықтап жатырмыз. Тапсақ, егжей-тегжейлі анықтаймыз. Қазір тексеру жүргізіп жатырмыз", - дейді Зиядин Күнбасов, Ақтөбе қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы.

Алданғандар пирамидалардың көбеюіне құзырлы органдарды айыптап отыр. Неше түрлі қаржылық ұйымдардың қызметін өз уақытында тоқтатпай, халықты алдауына "жол берді" деп отыр. Бір ғана Ақтөбе қаласында екі апта ішінде төрт бірдей пирамиданың ісі әшкереленді. Аталмыш ұйымдар басқа да облыстарда әлі қаптап жүр.

 

 

 

 

Талқылау