Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Журналист: Нұртас Адамбай фильмдерінде ішімдік, есірткі мен тұрмыстық зомбылықты насихаттады, ал енді ұлттың намысы болғысы келеді

"Келинка Сабина" фильмінде дәстүрлі емес контент бар!" Алдымен "Базз Лайтер", артынан "Тор" фильмін прокаттан алып тастауды ұсынған Нұртас Адамбай сын астында қалды. Шоу-бизнес өкілдерінен бастап, қарапайым қазақстандықтардың бір тобы кинопродюсердің "Келинка Сабина" фильміне тыйым салу керектігін алға тартты. Олардың пайымынша, еркек адамның әйелдің рөлін сомдауы Нұртас насихаттап жүрген "шариғат заңдарына" қайшы. Адамбай көпшіліктің сынына жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Келинка Сабина" фильмі - бұл комедия, мұнда еркек әйелдің рөлін сомдайды. Яғни фильмде қыз жігітке тұрмысқа шығады. Ол жерде ешқандай гомосексуализм жоқ. Ол жерде қыз бен жігіт. Ол рөл. "Тамаша" театрында Құдайберген Сұлтанбаев әйелдің рөлін сомдаған. Тұрсынбек Қабатов КВН-де ененің рөлін ойнады. "Дом большой мамочки" фильмінде де еркек әйелді сомдайды. Олардың ешқайсысы "гомосексуалистті" көрсетпейді. 

Ал мен қыз бен қыз сүйісетін мультфильмге, еркек еркекті "сүйемін" дейтін фильмге қарсы шығып жүрмін. Бұл жағдайда лгбт жақтаушылары айтар сөздері қалмаған соң, менің рөліме жабысып қалды. Осыны ойланып, өздеріңізге сұрақ қойыңыздаршы. Сіздер расымен де балаларыңыздың әйел мен әйелдің немесе ер мен ердің сүйіскенін көргенін қалайсыздар ма? ЛГБТ өкілдері немен айналысса да, қайда түссе де, өздері біледі. Бірақ оны біздің балаларға қоғамдық орындарда, оның ішінде кинотеатрларда насихаттаудың қажеті жоқ", - деп түсіндірді Нұртас желі парақшасында. 

Сондай-ақ, продюсер "біздің не көретінімізді шешетіндей сен кімсің?" деп алқымынан алып жатқан жұртқа жауап берді. Ол фильмге тыйым салатындай құзыреттілігі жоқ екенін, тек қатардағы қазақстандықтар сияқты пікірін білдіріп, петицияға қол қойғанын алға тартты. 

Ал журналист Кәрім Қадырбаев Адамбайдың фильмдерінде балалардың психикасын құртатын дүниелер бар екенін алға тартты. 

"Бұрын Нұртас голливуд фильмдерімен әділ түрде бәсекеге түсетін. Оның отбасылық фильмдерінде адам ұрлау, заңсыз адам бостандығынан айыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық норма болып саналатын. 

Атап өтерлік жайт, "Келинка Сабина" фильмінің үшінші бөлімінде басты кейіпкерлер бір-бірін бөліктерге бөліп, орманда көміп тастап, өздері басқа адамдармен бақытты болады. Рейтинг "6+", естеріңізге салсам, фильм биыл наурыз айында шықты. Ол кезде Нұртас дінді насихаттап жүрген, бірақ сенім өз жолымен, ал түсірілімге кеткен шығынды қайтару керек қой. Мұндай сахналар әлі қалыптаспаған балалардың санасына ешқандай залал келтірмейді екен", - дейді Кәрім Қадырбаев.



Сондай-ақ, журналист Адамбайдың "Әкім" фильмінде ішімдік ішу, ал "Лифт" картинасында есірткі ашық насихатталатынын айтып өтті. 

"Біз мұны есірткі насихаты дей аламыз ба? Ау, Абаев мырза? Болмай ма? Онда мұның қалай жұмыс істейтінін түсінбедім. Адамбайдың фильмдеріндегі арақ, есірткі мен адам денелерін бөлшектеу норма да, ал екі әйелдің сүйісуі жас қазақстандықтардың гендерлік бірегейлігін құртады екен", - дейді журналист. 
 

Айта кетейік, бұған дейін Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев "Базз Лайтер" мультфильмінің Қазақстан аумағында көрсетілмейтінін мәлімдеді. Ал оған дейін продюсер, режиссер Нұртас Адамбай “Базз Лайтер” мультфильміне тыйым салу керек деген бастама көтерген еді.  Ал продюсер Баян Алагөзова зайырлы елде барлық ориентация өкілдеріне теңдей құқық берілуі керектігін айтып, гомосексуалдарды қолдады. Ол Адамбайдың пікіріне қарсы шығып, оның "Келинка Сабина" фильмінде де дәстүрлі емес контент бар екенін атап өтті. Ал мәдениет және спорт министрлігі аталған картинаға Қазақстанда тыйым салынбағанын атап өтіп, оның неліктен прокатқа шықпайтынын түсіндірді.

Талқылау