Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жуынды мен мерзімі өткен тамақ береді": Алматы облысында ауыл мектебіндегі асханадан тамақ ішкен балалар инфекция жұқтырған

Алматы облысы Қарасай ауданы Кемертоған ауылының орта мектебінде дау туып, ата-аналар мектеп асханасына шағымданды. Ата-аналардың айтуынша, үш ауысымда жұмыс істейтін мектептің білім ордасында балаларға мерзімі өткен өнімдер, қалдық тамақтар беріледі. Енді сол мектептің бір топ оқушысы инфекция жұқтырған, іштері ауырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

2017 жылы 1200 балаға арналған Кемертоған орта мектебінде қазір 6000-дай оқушы оқиды. Соның 2644-і мектептен тегін тамақ ішеді. Алайда балалар ата-аналарына тамақтың дәмсіз, суық, қатып қалған екенін, тіпті бірінің қалдығын екіншісіне салып беретінін айтып, наразылығын жеткізген. 

“Қалдық тамақтарды жылытып, келесі ауысымдағыларға береді. Балам мектептің тамағын ішпейді. Иісі жағымсыз, дәмі жаман дейді. Компоттарында мұз тұратын көрінеді”, – деді ата-ана.

Бірнеше ата-ана осындай шағымды жеткізді. Бірі асханадағы желдеткіш жүйесінің дұрыс емес екенін айтып сынады. 

“Қызым мектептен тамақ ішпейді. Неге ішпейсің десем, “жуындыны қалай жеймін?” деп айтты. Котлет мұз, компоттың иісі жаман”, – деді тағы бір ана.

Нұргүл Қыдырбаеваның 1-сынып оқитын баласы мектеп асханасынан тамақтанған соң іші ауырған, инфекция жұқтырған екен. Сөзінше, баласын алып қайтатын кезде де бір-екі баланың құсып ауырғанын естіген. Енді оның баласына беткі гастрит және панкреатит деген диагноз қойылыпты. Тағы бір әйелдің баласы “ішек инфекциясын” жұқтырғаны анықталды әрі оның өті толып, асқазан қышқылының деңгейі көтеріліп кеткен. 

Ата-аналардың шағымынан кейін мектепке Әсет Оңалбаев есімді блогер келген. Ол Алматы облыстық ата-аналар комитетінінің төрағасы екен. Ол асханаға кіріп, қоймадағы тамақтарды фото-видеоға түсіріп алыпты.

“Қалдық күріш, қамырлар тұр. Осыны қайтадан балаларға бермек пе? Котлет қатып қалған. Айранның мерзімі өтіп кеткен. Сүтті де қатырып қойыпты, қайтадан бере ме мұны да?”, – дейді ол видеода.

Жағдайдан соң ата-аналар мен директор жиналыс жасап, кешірім сұраған. 

“9 сәуірде болған жағдайға байланысты зерттеу жүргізіліп жатыр. Олқылықтарды шешу үшін жұмыс жасалды, комитет санитарлық талаптардың орындалуын тексеріп жүр”, – деді Кемертоған орта мектебінің директоры Дархан Нақысбеков.

Ал мектеп асханасының әкімшісі Аида Сауғанбаева іш ауыру, инфекция жұқтыру бойынша ешқандай жағдай тіркелмегенін айтады. Сөзінше, бұған дейін тамақтың сапасына қатысты ата-аналар шағым айтпаған.

Асхананы видеоға түсірген Әсет Оңалбаев осыдан кейін Аида Сауғанбаева оған пара бергенін айтады. 

“Мектеп директоры мен әкімшімен сөйлестім. Аида Сауғанбаева маған “үйге барып, шай ішіңіз” деп шоколад ұсынды. Сөйтсем, ішінде 200 мың теңге бар екен. Директордан оның нөмерін алып, қайтадан өзіне аударып жібердім”, – дейді ол.

Сауғанбаева блогердің өзі ақша талап еткенін айтты. Әрі директор мен әкімші екеуінің сөздерінен қарама-қайшылық білінді. Өйткені директор видеодағы қалдық тамақтар емес, алдын ала дайындалған тамақ десе, әкімші жуынды деп шатысты.

Талқылау