Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жоғарғы сот Қаңтарда қаза тапқан төрт тараздықтың үкімін өзгеріссіз қалдырды

Жоғарғы сот Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда қаза тапқан төрт адам — Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов пен Тоқтар Ошақбайға шыққан үкімді өзгертпеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

Тараз кантар

Тараздағы сот оларды "БТР техникасына қарсы оқ атты", "мемлекет мүлкін бүлдірді" деген айыптар бойынша кінәлі деп таныған.

Марқұмдардың адвокаттары мен жақындары тергеу ісінде қайшылықтар барын айтты. Бірақ прокурор Тараз соты шығарған үкімді күшінде қалдыруды сұраған.

Марқұмдардың жақындары соңғы инстанция шешімін ауыр қабылдағаны айтылады. Олар "әділ шешім үшін күресті жалғастыратынын" айтты.

“Үмітіміз осы кассациядан болған. Бірақ ақыры осындай шешімді қалдыратын болса, неге басында істі қарастырмаймыз деп айтпаған? Қазақстанның әділетіне сеніп едік, бірақ әділет жоқ екенін түсіндік”, - деді марқұм Исатай Донбаевтың әпкесі Шолпан Донбаева.



Ақпанның басында алғашқы инстанция Тараздағы Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан бес азамат – Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов пен Тоқтар Ошақбайды кінәлі деп таныған. Қаза болуына байланысты оларға жаза белгіленбеген. Тергеу органдары оларды Қаңтар оқиғасы кезінде Тараздағы "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты", "қаруды заңсыз алып жүрді" деген айып таққан.

Марқұмдардың жақындары сот шешімімен келіспей, жақындарын ақтауды талап етеді.

Ресми дерек бойынша, Тараздағы Қаңтар оқиғасында 15 адам оқ тиіп қаза болған (ел бойынша 238 адам қаза тапқан). Сондай-ақ Таразда Ербол Жұманов Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК қызметкерін атып өлтірді деп айыпталып, 16 жылға бостандығынан айырылған.

Талқылау