"Жыртық киіммен мал бағып, тамақ сұрайтын": БҚО-да ауылдастары қорадан табылған 8 жасар бала туралы айтты
Ауыл тұрғындарының айтуынша, 8 жасар бала күннің ыстығында да, суығында да көшеде жыртық киіммен мал бағып жүрген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Мой ГОРОД" порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Мал бағып, үнемі тамақ сұраумен болған. Ауылдастары БҚО-да өзгенің сарайынан табылған бала туралы айтып берді.
13 қазан күні сағат 20:15-те полицейлер 8 жасар Денис Горшуновтың жоғалып кеткені туралы ақпарат таратты. Бөлімшенің барлық жеке құрамы іздеуге атсалысып, нәтижесінде оны келесі күні таңғы сағат 7:00-де өзге біреудің қорасында ұйықтап жатқан жерінен тапты.
Денистің әкесімен және әжесімен бірге тұратыны белгілі болды. Баланың анасы 2018 жылы қайтыс болған.
Бала туралы ақпарат тарағаннан кейін, Зеленое ауылының тұрғындары жергілікті БАҚ-қа хабарласып, оқиғаға қатысты жаңа деректермен бөлісті.
“Бұрын осы ауылда тұрдым. Постты көре сала, бұрын баланың қорлық көргені туралы айтқан құрбыма хабарластым. Ол жаз бойы мал баққан. Оны тапқан кезде, ол өзін кері қайтармауды өтінген”, – дейді ауылдың бұрынғы тұрғыны Арай.
“Бала қалай болса, солай киінетін. Жалаңаш денеге жыртық шалбар мен жыртық күртеше киген”, – деп жазған Наталья есімді тұрғын.
15 қазан күні тілшілер Бәйтерек ауданының Зеленое ауылына аттанды. Бала тұратын үйде ешкім болмады. Алайда 8 жасар Денистің оқиғасы туралы бүкіл ауыл білетін болып шықты. Тұрғындар көзбен көргенін жеткізуге асықты.
Бала бұл ауылға биыл жазда көшіп келген. Ол әжесімен және оның көңілдесімен бірге тұрған.
“Мұнда оны құл сияқты ұстайды. Қазір атасымен бірге тұрады. Бірақ ол туған атасы емес, әжесінің көңілдесі. Анасы жоқ, ал әкесі қалада тұрады және жұмыс істейді. Әжесі жиі және ұзақ уақытқа қалаға кетеді.
Көршілерінің айтуынша, Денис жаз бойы сиырларды бағып, сауып, тезек жинаған. "Атам ұрады" деп көршілеріне жиі шағымданатын. Олар арасында баланы жуындырып, тамақтандырып келген. Кейде "үйге барғым келмейді" деген баланы қонуға қалдырған. Кейін әлгі атасы көршілеріне сес көрсеткен. Көршілері бұл жағдайды мектеп пен әкімге жеткізгенімен, оларға ешкім жауап бермепті. Сол күні жоғалып кеткені дұрыс болған, осылайша елдің назарын өзіне аударды. Енді оны алып кететін шығар деп үміттенеміз", – дейді ауыл тұрғыны Зоя Сериковна.
Мейірімді көршілер Дениске киім де беріп тұрған. Алайда түсініксіз себептермен бала үнемі жыртық киіммен жүрген.
Ал Денис табылған қораның иелері “қорқамыз” деп журналистерге жауап беруден бас тартты. Ал ауыл әкімдігі болған оқиғадан хабарсыз болып шықты.
Денис оқитын мектептің директоры Мирхат Есенғалиев ұстаздардың бірнеше рет баланың үйіне барғанын айтып берді.
"Денис Горшунов үшінші сыныпта, түскі ауысымда оқиды. 8 жаста, биыл қыркүйек айынан бастап біздің мектепте оқып жүр. Сабаққа ешқашан кешікпейтін, себепсіз қалмайтын. Үнеміз таза, ұқыпты киініп жүретін.
Ата-әжесінің қолында тәрбиеленіп келеді. Өте ақылды, тәрбиелі бала. Сынып жетекшісі күмәнді ештеңе байқамаған. Екі бөлмелі үйде тұрады. Баланың аянышты өмірі туралы ақпарат бізге жеткен емес, Денистің өзі де шағымданбаған. Денесінде ешқандай із байқамадық", – деді Мирхат Есенғалиев.
Ал БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Денис қазір Оралдағы кәмелеттік жасқа толмаған балаларға арналған оңалту орталығында.
"Баланың заңды қамқоршысы – әкесі. Келесі апта кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі бойынша комиссия отырысы болады. Баланың әрі қарайғы тағдыры сонда шешіледі", – деді полициядағылар.