"Жылына 200 миллион теңге береді": Баян Мақсатқызы оңалту орталығын кім қаржыландыратынын жариялады
Танымал продюсер, актриса Баян Алагөзова отбасындағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге арнап оңалту орталығын ашты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан кадр
Продюсердің айтуынша, бүгінде орталық жұмысын бастап, ана мен баланы қабылдап жатқан көрінеді.
“Сонымен, көптен күткен дағдарыс орталығымыз жұмысын бастады. Бұл жерге тұрмыста түрлі қиындық көрген әйелдер мен балалар келеді. Жұбайым екеуіміз ұзақ жылдан бері осындай орталық ашуды ойлап жүрген едік. Осы жоба бойынша түрлі сұрақтар келіп жатыр. Бәріне жауап беруге тырысамын. “Мама Клара” орталығы тікелей жолдасымның демеушілігімен ашылды. Жылына орталыққа 200 миллион теңге аударып тұрады. Оның ішіне, салықтан бастап, коммуналдық шығынға дейін кіреді. Орталыққа келетін әйелдерге тегін қызмет көрсетіледі. “Әйелдер қанша төлейді?” деген күлкілі сұрақ қоймаңыздар. Ғимарат 1000 шаршы метрді алып жатыр. Қазақстандағы ең үлкен орталық деп ойлаймын. Келушілердің жайлылығын ойлап, бәрін ойдағыдай жасадық. Әр бөлме жарық әрі жылы. Болашақта тағы екі қаладан ашуды жоспарлап қойдым. Шымкент пен Астанадан ашқым келеді. Ендеше, орталықтың көрсетілген нөмеріне хабарласып, кез келген уақытта келе беріңіздер!”, – деп жазды продюсер.
Айта кетейік, Баян Мақсатқызы орталыққа енесінің атын бергенін жазған едік.
Бұған дейін, актриса орталықтың ашылғанына небәрі бір апта өтпей жатып, 6 ана 13 баланы қабылдағанын айтқан еді.
Сонымен қатар, продюсер марқұм Салтанат Нүкенованың соққыға жығылған видеосына қатысты пікір білдірді.