Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2020 жылы Айнұр Тұрсынбаева Қазақстанның "Жыл адамы" атанды

Stan.kz 2020 жылдың Жыл адамы деп қазақстандық танымал айтыскер, ақын Айнұр Тұрсынбаеваны таныды. Ел ішінде вирус өршіп, ауруға шалдыққандар өкпесіне ауа жетпей қиналғанда халыққа қол ұшін созып, ақша жинап, Түркиядан өкпені жасанды желдету аппаратын жеткізуді бірінші болып қолға алды. Бұдан бөлек өзінің қайырымдылық қоры арқылы көптеген мұқтаж жандарға көмек қолын созды. 

Айнұр Тұрсынбаева алғашында тек дәрі-дәрмек әкелуді көздеген. Бірақ әлеуметтік желіде оқырмандарынан қай дәрі керек деп сауалнама жүргізгенде ИВЛ аппарат керек деп сұрағандардың қарасы көбейген. Жағдайдың қиын екенін түсінген Тұрсынбаеваның командасы қор ашып, аппараттарға ақша жинауды, Түркиядан Қазақстанға жеткізуді алғашқы болып қолға алды. 

"Менің үлкен завод, фабрикам жоқ. Қырғын бизнесмен емеспін. Менің бір өзім осынша аппарат жіберіп жатқанда қалталы азаматтар бұдан да көп көмек көрсете алады ғой. Бізде Түркияны түбімен сатып ала алатын байлар көп емес пе?! Қырғызстан 1 күнде 800 аппарат сатып алып кетіпті! Өзбекстан күніне бәлен жүз сатып алып жатыр екен. Қазақстаннан аппарат сатып алып жатқан мен бірінші адам екенмін. Мұның бәрін өткізудің өзі бір ақырет екен, әрі қып-қызыл ақша! Тіпті ақшаң болса да аппарат алып өте алмайсың" , - деп жасап жатқан шаруасының оңай емес екенін айтты. 

Кеден қызметі мен кедендік ережелер аппараттарды оңай өткізбейтінін білген Айнұр Тұрсынбаева Қазақстан президенті мен денсаулық сақтау министріне, қорғаныс министріне үндеу жолдады.

"Ақшаны жинап, Түркия мемлекетінен 125 апаратты сатып алдық! Бұл аппараттар Қазақстанда 500-800 мың көлемінде сатылып та жатыр. Халықтың ондай қымбат аппарат алатын жағдайы жоқ екенін менсіз де білетін шығарсыздар деп ойлаймын! Елшіліктің көмегімен шекара шығынынан да құтылғандай болып едік... Бірақ 125 аппаратты, яғни 2 тонна жүкті тұтас жіберетін мүмкіндік жоқ екен. Ендігі жанайқайымыз мынау! Біздің тірнектеп жинап алған апараттарымызды Қазақстанға барған соң "СК-Фармация" деген мекеме қабылдап алады екен", - деп жазды парақшасында.

Айтыскер аталған мекемеге сенбестік танытты. Сол себепті аппараттарды тарату мәселесін өздеріне қалдыруды сұрап, екі апта ішінде 500 аппарат алып, аудан-ауданға үлестіруді жоспарлаған. 

Ақыр соңында 500 емес, 825 аппартты аман-есен елге жеткізгенін жариялап, көпшіліктен сүйінші сұрады. Бұған дейін ауырған халыққа көмек көрсету мақсатымен аппарат алған айтыскер көпке үлгі болды. Айнұр ханымға қосылып біраз адам ақша жинады. 

Айнұр Тұрсынбаеваның жомарттығы мұнымен бітпейді. Ол биыл жолдасы  Нұржан Иманәлиев екеуі жария садақа жасады. Олар 10 жетім балаға айына 30 мың теңгеден шәкіртақы беріп отыратынын хабарлады. 

Айнұр ханым жолдасы екеуі ақылдаса шешкен мәселесін ашық айтты. 

"Енді ең басты жаңалығыма көшейін. Алла қосқан жарым Нұржан екеуміз ақылдаса келе, Алла разылығы үшін бір жария садақа жасайық деп шештік. Яғни ата-анасы жоқ тұл жетім 10 балаға ай сайын 30 мың теңгеден шәкіртақы беріп тұратын болдық. Тек жақсы оқитын балалар болуы шарт. Қордың қатысы жоқ. Өз атымыздан! Алла аналарды жесірліктен, балаларды жетімдіктен сақтасын! Лайым, ешқандай отбасы бөлінбесін. Ешқандай шаңырақ құламасын, сәбилер жыламасын", - деп жазды айтыскер. 

Айтыскердің бұл сөздеріне желі оқырмандары жарыса ыстық лебіздерін арнап жатты. 

Айта кетейік, "Айдың нұры" қоры бұған дейін де талай мұқтаж адамдарға қол ұшын созып, талай ауырған адамның еміне қаржылай көместескен. Сондай-ақ, айтыскер ақын - өзінің мотивациялық курстары арқылы көпшілік адамның үміт отын қайта жаққан мотиватор. 

Еске салайық, 2019 жылы "Жыл адамы" ретінде Ринат Заитов таңдалған еді. 

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр