Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жиһад дегеніміз - соғысу емес": Ислам діні бойынша маман жиһад ұғымына түсінік берді

Шынайы ислам діні жақсылыққа және бейбітшілікке шақырады. Ал соңғы уақытта ел тыныштығын бұзып, жарылыстар ұйымдастырып, адамдарға қарсы қару қолданып өзін жанкешті, жиһадшы етіп көрсетіп, өз елін өгейсінген дінбұзарлардың көбейіп кеткені – исламды яғни, мұсылмандарды құбыжық етіп көрсету әрекеті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы қаласы бойынша пәтуа бағытына жауапты маман Елібек Тасболатұлы жиһад мәселесі төңірегіндегі сұрақтарға жауап берді.

жиһад

"Жиһад дегеніміз - соғысу емес"

"Ислам сөзі – "бейбітшілік, тыныштық" деген мағыналарды білдіреді. Елібек Тасболатұлы жиһад сөзі араб тіліндегі "жә-һә-дә" етістігінен шыққанын, яғни алға қойған мақсатқа жетуге ұмтылу, сол жолда күшін сарп ету сынды мағыналарды білдіретінін айтады.
"Жиһад туралы қазір қалыптасып қалған ұғым бойынша оны тек қарулы әрекетпен байланыстырады. Бірақ жиһад – адамның ізгілік, әділеттілік, адамгершілік және өзін-өзі жетілдіру жолында жасайтын кез келген күш-жігерін қамтитын үлкен ұғым. Құран Кәрімде жиһад сөзі жиі қолданылады. Бүгінгі күні адамдардың барлығы бұл сөзден қорқатындай дәрежеге жетті. Неге? Мұның басты себебі – "жиһад" сөзін адам өлтіру, өртеу, жарылыс және басқа да экстремизм мен заңсыздық көріністерімен байланыстырып жіберуінде. Менің ойымша, егер адамдар осы сөздің шын мағынасын біліп, түсінсе, олар үшін жиһад ең қымбат әрі бағалы нәрсеге айналар еді", – деп бастады сөзін ол.

Тасболатұлының сөзінше, жиһад ұғымы үлкен және кіші деп екіге бөлінеді. Үлкен жиһад жоғарыда аталғандай адамның өз-өзін тәрбиелеу, бойындағы нәпсімен күресуден тұрады. Ал кіші жиһад отан қорғау, соғыс-майдан жолымен байланыстырылады.

"Егер жиһад соғыс майданына қатысты болса, не басқа елде шайқас болады немесе өз отанында шайқас болады, әрине, бұдан құдай сақтасын. Отан үшін болатын шайқаста ешқандай шарт жоқ, бүкіл халық оның ішінде жасы болсын, қарты болсын өз отаны үшін күреседі. Сонымен қоса қазір әлемдік тәжірибеде одақтас елдердің барын көріп отырмыз. Егер одақтас елдердің арасындағы бір елге басқа мемлекет соғыс бастаса, одаққа мүше өзге елдер көмектеседі. Алайда баса айта кетерлік бір мәселе - мұсылман елдері басқа мұсылман еліне қарсы соғыса алмайды. Сондай-ақ, әскерлердің басқа мемлекеттің жеріне барып соғысуы үшін басшының рұқсаты қажет болады", – деп түсіндірді Елібек Тасболатұлы.

Елібек Тасболатұлы сөзін жалғай келе теріс діни ағым өкілдерінің жиһад ұғымын жаман пиғылда пайдаланып, адамдарды қалай жолынан тайдырып, өзге елдегі соғыс алаңына айдап салатынын түсіндірді.

Сөзінше, әлемде миссионерлік ұйымдардың арбау жүйесі болады. Олар алдымен түсінігі таяздау, ислам діні жайында білімі аз адамды таңдайды. Ал олардың сөздеріне тез алданатын адамдардың қатарында эмоциясы басым, қызуқанды, сөз бен істің байыбын білгісі келмейтін адамдар болады.

"Олардың арбау жолы – мұсылман еместерді қас дұшпан етіп көрсетеді. Өлтіруге, мал-мүлкін тартып алуға болатын адам қылып көрсетеді. Бірақ ислам дінінде, мұсылман еместі дұшпан көру деген қате пікір. Яғни, дұшпандық біздің дінімізде тек соғыс жағдайында ғана айтылады. Ал олар (теріс діни ағым өкілдері) мұны барлық жағдайда дұрыс етіп көрсетеді. Сол себепті дінді өз жақтарына бұрмалап, өздеріне ыңғайлы етіп жасап алады", - дейді маман.

"Өзін-өзі өлтіру – исламда үлкен күнә"

Елібек Тасболатұлы әлемде болып жатқан террорлық әрекеттермен исламның ешқандай байланысы жоқ екенін баса айтады. "Бейкүнә бір адамды өлтіру – күллі адамзатты өлтірумен тең". Бұл ереже қасиетті Құранда айтылған. Олай болса, қаншама бейкүнә адамның, періштедей бүлдіршін сәбилердің жанын қиған лаңкестік әрекеттер исламға, Құранға тіпті мұсылманшылыққа жата ма? Адам өлтіру былай тұрсын, малды қорқытудың өзі исламға теріс", – деп түсіндіреді ол.

"Жиһадты тек қана қару алып, адам өлтіру, күш қолдану деген мағынада түсінетіндердің қарасы артып барады және бұл алаңдатарлық мәселе. Құранда, Алла тағала – "мұнафықтарға қарсы үлкен жиһад жаса, онымен" - дейді. Яғни "онымен" деп Құранды айтып тұр. Демек исламға қарсы, мұсылмандыққа қарсы адамдарға Құран арқылы ақиқатты үйрет, оларды исламға мойындат деп тұр. Нақтырақ айтқанда, Құран арқылы мұнафықтардың көзін ақиқатқа жеткізу. Олардың жолы дұрыс емес екенін, Құран арқылы дәлелдеп беру. Жиһад дегеніміз осы", – дейді ол.

"Жиһад" адамның Алла тағаланы тануына кедергі келтіретін барлық тосқауылдарды жою. Жаратушы мен адамның арасындағы бөгеттерге сауатсыздық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, санаға жасалған шектеулер жатады. Ендеше "жиһад" деп осы бөгеттерді жою үшін жасалатын барлық іс-амалдар мен күрес жайында айтылмақ.

"Алла ризалығы үшін істелген әрбір іс-әрекет, "жиһад" деп саналады. Қандай да болсын қиын жағдайларға қарамастан күн сайын үздіксіз бес уақыт намаз оқу, кейде аптап ыстықта ораза ұстау, Алла тағаланы өзге жандарға түсіндіру үшін істелген әрбір іс, қоғамдағы кейбір керітартпа келеңсіздіктерді түзету үшін атқарылған үлкенді-кішілі барлық шара исламдағы жиһад ұғымының аясына кіреді. Жиһад – ең әуелі өзіңді түзету. Ішкі дүниеңді, жүрегіңді тазарту. Болмысыңды қызғаншақтық, қанағатсыздық, сабырсыздық, тәкаппарлық секілді күллі жаман қасиеттерден арылтып, олардың орнын көркем қасиеттермен толтыру. Қысқасы, нәпсіңмен әрдайым үздіксіз күресу", – деді Елібек Тасболатұлы.

Талқылау