Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жезқазғандық әйел қарыздан құтылу үшін бөтен отбасыға 3 жасар қызын тастап, қайтып алуға келмеген

Жезқазғандық әйел қарыздан құтылу үшін қызылордалық отбасыға 3 жасар қызын уақытша берген. Ақшаны әкеліп беріп, қызымды алып кетем деген ана хабарсыз қалады. Ал әкесі отбасын оған дейін тастап кеткен.

28 жыл бұрынғы қиындыққа толы балалық шағы жайлы Мереке Тауманова Еуразия бірінші арнасындағы "Пендеміз ғой" ток-шоуында баяндады. 

"Кетерімде емізулі інім бесікте жатқаны көз алдымда. Мені көлікке мінгізіп жатқаны есімде. Ұйықтап кетіп, бір оянсам, жолда келе жатыр екенбіз", - деп өткенді еске алды кейіпкер.

Кішкентай қыз жаңа отбасында 1 жарым жыл тұрады. Жейтін ас таппай, көршілерден нан сұрап, көшеде қаңғырып кететін күндері көп болған. Көршілері милиция шақырған соң Мереке балалар үйіне аттанады.

"Үлкен апайлар ер балаларға бізді тапсырып кететін. Содан таяқ жейтінбіз. Таяқ жемеу үшін екі күн демалыста апайларға көмектесіп, үйлеріне еріп кетуге тырысатынмын. Жетімдер үйіндегі балалардың бәрі жетім емес. Жағдайы жоқ ата-аналар балаларын уақытша тапсырады. Олар айлық алғанда балаларына келіп, тәтті әкеп беретін. Сондай кезде маған неге келмейді деп жылайтынмын. Мектеп бітіргенше тәтті жемедім. Бірақ 8-9 сынып оқып жүргенде, мектептің маңайындағы үйлерді жинап, ақша тауып, дүкенге барып, алғаш рет барлық тәттіні алып жегенім есімде", - дейді Мереке.

Тағдырға мойымаған қайсар қыз жоғары оқу орнын тәмамдап, бүгінде өз алдына отбасын құрған. Бүгінде төрт баланың анасы жан жарымен, ата-енесімен ел қатарлы өмір сүріп жатыр.

Жетімдер үйіндегі мұғалімі Мерекені кездейсоқ өз інісімен таныстырады. Мереке бүгінгі күні сол жігітке тұрмысқа шығып, жар, ана атанып отыр. 

"Мереке келінім жақсы келіншек. Оқыған. Үлкенді сыйлап отырады. Тәрбие көрген. Жаман деп айта алмаймын. Балам екеуі тату-тәтті тұрып жатыр", - дейді енесі. 


"Қызым, мені кешірші": Алматы облысының тұрғыны 30 жыл көрмеген әкесін іздеп тапты


Ал Меңдібай мырза Мерекеге көмектесу үшін анасын іздеп тауып берген екен. 

"Анаммен кездестім. Жолдасым коллектор болып жұмыс істейді. Анамның телефон нөмірін тауып берді. Солай сөйлестік. Анамды Қызылордаға шақырдым. Кездестім. Бір апта жанымда болды. Немерелерін көрді. Анам менен қатты ұялды. Өзін ыңғайсыз сезінгенін білдім. Бірақ мен бір сұрақ қойған жоқпын. "Неге мені тастап кеттің, неге мені алып кетпедің?" деген сұрақ қойған жоқпын. Анамның жүрегі нәзік. Мені алып кетуге жағдайы болмағанын түсіндім. Бұған әкемді кінәлаймын. Әкем анамды екі баламен тастап кеткен. Анамның жағдайы болмаған. Сондықтан анамның кінәсі жоқ деп ойлаймын", - дейді Мереке. 

Мереке жетім ретінде үй кезегінде тұр. Ата-анасын бала күнінде-ақ ата-ана құқығынан айырған. 

"Үй алсам, анамды қасыма алып келем. Жолдасым да біледі. Алтын жолдасым, ата-енем, қайын апаларым бар. 4 балам бар. Өміріме ризамын", - деді Мереке. 

Мерекенің айтуынша, ата-анасының қызылордалық отбасыға үлкен сомада қарызы болған. Алайда оны бере алмасын білгендіктен, қызын кепілдікке беруге бел буған. Мереке ол отбасында 1 жарым жыл тұрды. Бұл уақытта жақсы да, ауыр да күндері өткен. 

"Мені бөтен отбасы жаман қарады деп айта алмаймын. Себебі далаға қалдырған жоқ. Өздері ішкен тамақты ішіп, өздері киген киімді кидім. Бірақ күндерім керемет өтті деп те айта алмаймын. Себебі аш қалған күндерім есімде. Көршілерден нан сұрап жейтін кездерім есімде. Көршілер маған жанып ашып, полиция шақырып, мені ақыры жетімдер үйіне өткізді", - деді кейіпкер.

Мерекені бір жарым жыл баққан отбасы қазір Қытайда тұрып жатыр. Мерекенің ата-анасының қарызына қатысты ешнәрсе айта алмады.

Мерекенің анасының сіңлісі жездесі жайлы, яғни Мерекенің әкесі жайлы бір мағлұмат айтты. Ол кісінің сотталып кеткенін айтып қалды. Алайда мұның рас-өтірігі белгісіз. Сонша қиындықта қалдырған, өзінің қиын балалық шағы мен анасының көрген қиыншылықтары үшін Мереке әкесін іздемейді. Кешірмейді. Кездескісі де келмейді. 

Талқылау