Жетісу облысында әкімдік қызметкерлері коттедж қалашығының құрылысы кезінде қомақты қаржы жымқырды деген күдікке ілінді
Бас прокуратура Жетісу облысыақша жымқыру дерегі бойынша құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы, Талдықорған қаласы әкімдігінде жұмыс істеп жүрген екі қызметкері, сондай-ақ техникалық қадағалаудың екі қызметкері ұсталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Олар Талдықорған қаласында коттедж қалашығын салу кезінде бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлады деген күдікке ілінген.
“Жұмыстарды нақты орындамай, олар мердігерге 500 миллион теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын төлегені анықталды. Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 2-тармағының 4-бөлігі (сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр”, – делінген хабарламада.
Егер кінәлары дәлелденсе, олар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Өзге ақпарат Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмеді.
Еске салайық, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласының жер қатынастары саласындағы заң бұзушылықтарға қатысты тергеу бастаған еді. Агенттік мәліметінше қалалық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы мемлекет қажеттілігі үшін әкімшілік тарапынан жер учаскесін сатып алғаны үшін жеке басына 45 миллион теңге көлемінде пара алды деп айыпталған.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
