Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласы жер қатынастары саласында тергеу бастады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласының жер қатынастары саласындағы заң бұзушылықтарға қатысты тергеу бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

жер қатынастары

Агенттік мәліметінше қалалық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы мемлекет қажеттілігі үшін әкімшілік тарапынан жер учаскесін сатып алғаны үшін жеке басына 45 миллион теңге көлемінде пара алды деп айыпталған. Қазір ол қамауда отыр.

“Сонымен қатар тергеу осы басқарманың лауазымды тұлғалары үлестес бағалаушының көмегімен жеке жер иелерінің мүддесі үшін мемлекеттік сатып алуға жататын 8 учаскенің құнын негізсіз көтергені анықталды. Нәтижесінде мемлекет осы учаскелердің иелеріне шамамен 7,5 миллиард теңге артық төлеген. Бұл ретте бағалаушының бір объект үшін көрсетілетін қызметтерінің құны 2021 жылы орташа есеппен 68 теңгені және 2022 жылы 10 теңгені құраған”, – делінген ақпаратта. 

Сондайа-ақ өрескел заң бұзушылықтар Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының қызметінде де анықталыпты. 

“Басқарманың лауазымды адамдары мемлекет мүддесіне қайшы, жеке тұрғын үй құрылысына арналған учаскелерде коммерциялық мақсатта 11 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын келіскені анықталды. Нәтижесінде мемлекетке аталған жер учаскелерінің жалпы сомасы 760 миллион теңгеден астам төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілді. Барлығы 470-тен астам жер учаскесі тексерумен қамтылды”, – деп қосты агенттік өкілдері.

Жер қатынастары саласындағы жүйелі жемқорлықты анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Талқылау