Әйелдің жерленді деп жүрген ұлы төрт жыл бойы егеуқұйрық пен тышқандарға жем болған
Америкалық Кристина Пейдж ұлы Дэвид Джексон Пейджді небәрі 20 жасында жоғалтып алды. Ол 2019 жылы психикалық ауытқу кезінде офицермен атыс барысында қайтыс болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Dailymail басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Dailymail
Newsweek журналында жарияланған мақалада Кристина ұлы Колорадо-Спрингстегі "Табиғатқа оралу" жерлеу үйінде кремацияланғанын айтады. Өйткені ол қайтыс болғаннан кейін полиция ресми хабарлап келгенде осындай хабар берген. Бірнеше күннен кейін қара жамылған анасын ұлын тануға шақырған. Артынша ұлының кремацияланып кеткенін хабарлаған. Алайда бір жыл өткеннен кейін анасы ұлының жерленбегенін білген.
"Мен төрт жыл бойы баламды жоқтап, оны қайтыс болғаннан кейін жерледі деп ойлап, ұлымды өлтірген полицияға қарсы іс бойынша күресумен келемін", – деді Кристина Пейдж.
2023 жылдың 24 қазанында Кристинаға федералды тергеу бюросынан қоңырау шалып, Пенроуз қаласындағы "Табиғатқа оралу" жерлеу үйінен табылған 190 мәйіттің бірі оның ұлы екенін хабарлаған.
Ерлі-зайыпты Джон мен Кэрри Холлфорд басқаратын жерлеу үйі ондаған мәйіттерді тастап, отбасылардан алынған ақшаны көліктерге, криптовалютаға және қымбат мейрамханаларға жұмсады деп айыпталды.
"Бұл мен үшін өте ауыр болды. Ұлымды алып кеткенімен қоймай, оның денесін қорлағанын білудің қандай ауыр екенін сөзбен айтып жеткізе алмаймын", – дейді марқұмның анасы.
Федералды тергеу бюросы Кристинаға жағдайды алғаш хабарлағанда, ұлының денесі мүлде жалаңаш қалғанын айтқан. Сотта анасы ұлының денесі қарт адамдардың мәйіті орналастырылатын L бөлмесінде сақталғанын және оның салқындату жүйесі жұмыс істемейтінін айтты.
"Оны тіпті өліктерге арналған қапқа да салмаған. Ақ кебінге орамаған. Бұл – барып тұрған қорлау. Ғимаратта егеуқұйрық пен құрт өріп жүр және ол жерді су басқан. 190 мәйіт осындай жағдайда жатыр", – дейді Кристина Пейдж.
Кристинаға көрсетілген фотоларда ұлының бетін жәндіктер мен егеуқұйрықтар кеміріп жатқаны көрсетілген. Сондай-ақ мәйіттер бірінің үстінде бірі жатыр.
190 мәйітті қорлап келген Колорадо жерлеу үйінің иелері Джон мен Кэри Холлфордқа федералды сот ұсынған 15 айып тағылды. Сонымен қатар Колорадо штатының соты да ерлі-зайыптыға қатысты мәйіттерді қорлағаны, ақша жылыстатқаны, ұрлағаны және жалған құжаттары үшін қаралып жатқан 200-ден астам қылмыстық айып тақты.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
