Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жер сілкінісі кезінде университет пен мектеп ғимараты қауіпсіз болса, неліктен оқушыларды сабақтан босатты: ТЖД жауабы

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті бүгінгі жер сілкінісіне байланысты брифинг өткізді. Журналистер департамент өкілдерінен зілзала кезінде баратын арнайы жиналу пунктері туралы сұрады. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Фото: Stan.kzФото: Stan.kz

Журналистер ТЖД басшысына "Егер жер сілкінісі кезінде қауіпсіздеу болып есептелетін жиналу пунктерінде оқушылар мен студенттер оқып жатса, неліктен олар сабақтан босатылады? Сол жерде қала берсе, не болады?" деген сұрақ қойды.

Нұрлан Атығаев сұраққа жауап бере отырып, жиналу пунктеріне оқу орындарынан басқа жерлер де кіретінін айтты.



“Қаламызда 384 жиналу пункті бар. Оның қатарында білім ордалары да, спорт мекемелері де, тағы басқалары да бар. Бұл жерлер – уақытша жиналу орындары. Осы жағын баса айта кету керек. Олар – далада қалмай, келесі бір хабарға дейін күтуге арналған орын. Яғни жағдайға қарай барып, күтетін, келесі хабарға дейін сонда қалатын жер ретінде арналған”, – деп жауап берді ТЖД басшысы.

Айта кетейік, бүгін, 4 наурызда Алматыда сағат 11:22-де жер сілкінді. Жер сілкінісінің эпицентрі Қазақстан аумағында Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 31 километр жерде орналасқан.

Жер сілкінісінің энергетикалық класы 13.2.

MPV, магнитудасы 6.1. 

Эпицентрдің координаттары 42.93° с.е. 76.96° ш.б.

Тереңдігі 10 км.

“Сезілгені туралы мәліметтер (ДСМ-64 шкаласы бойынша) Алматыда 5 балл”, – делінген ТЖМ хабарламасында.

Талқылау