Жеңілдетілген автонесие: Автосалондар көлік құнын қымбаттатпауға уәде берді
Қазақстандық автобизнес қауымдастығының техникалық реттеу бойынша директоры Ербол Сейпілов жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының басталуына байланысты отандық автосалондар көлік бағасын қымбаттатпайды деп сендірді.
Нұр-Сұлтанда өткен брифинг кезінде журналистер Сейпіловтен сұраныстың артуына байланысты көлік құны өзгеру мүмкіндігін сұрады.
"Қолда автокөліктер бар. Бағдарламаға қатысатын салондар - жалпы нарықтың 20% ғана. Көлік құнының қымбаттауын дұрыс деп санамаймыз және автосалондардың олай жасамайтынына сенімдіміз", - деді спикер.
Сол сияқты қауымдастықтың тағы бір өкілі Анар Мақашева автосалондарда көлік бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, былтыр Hyundai Trans Kazakhstan мен "Сарыарка Автопром" өндірушілері жалпы 90 мың автокөлік өндірген.
"Биыл өндірісті 20%-ға арттыру жоспарланып отыр. Біздің болжамымыз бойынша, жыл соңына дейін Қазақстанның барлық қалаларындағы автосалондарда көліктер болады. Қазір әрбір автоөндіруші электронды кезекті іске қосты. Тұтынушылар сол арқылы автосалонға келіп, көліктерін таңдай алады, ең маңызды сол", – деді ол.
Айта кетейік, бүгіннен бастап елімізде 4%-дық жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаға тек Қазақстан азаматтары қатыса алады. Автонесиені төрт банк арқылы рәсімдеуге болады.