Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жеңіл табысқа құмартпаңыздар": Мейрамбек Беспаев Ернар Айдардың ұсталуы жайлы

Танымал әнші Мейрамбек Беспаев өзінің өнердегі әріптесі Ернар Айдардың ұсталуы туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мейрамбек пен Ернар

Әншінің сөзінше, Ернар Айдардың телефоны бұғаттаулы екен. Қазіргі таңда тексеру амалдары жүріп жатқан көрінеді.

"Соңғы күндері қазақтың талантты ұлдарының бірі, белгілі әнші Ернар Айдардың маңайында болып жатқан жағдайдан біршама хабардар шығарсыздар. Мен Ернармен хабарласып, мән-жайды анықтап білдім. Өзі сіздерге толық ақпарат берейін десе, телефоны бұғаттаулы, себебі қазір алаяқтар ұсталып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Сондықтан, мен сіздерге болған жағдайды жеткізгелі отырмын. Бұл жағымсыз жағдайда алданған азаматтармен қатар Ернар бауырымыз да алаяқтардың құрбаны боп отыр. Бүгінгі таңда алаяқтар құрықталды. Ернар өз кезегінде тергеу жұмыстарының әділ жүргізілуіне жан-жақты ақпарат беріп, барынша көмектесіп жатыр. Қазақта “жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ” деген сөз бар", - дейді Мейрамбек Беспаев.

Сонымен қатар ол басқа да әншілерді бұлай істемеуге шақырып, жеңіл табысқа құмартпауды кеңес берді.

"Өнер адамының аңқылдақ ақкөңілдігі кейде осындайда өзін жарға жығатыны да бар. Ол үшін сүйікті ұлдарыңызды қатты сөге көрмеңіздер. Өздеріңіз білесіздер, әнші ұлдарыңыз алдарыңызда талай өнер көрсетіп, қаншама қайырымдылық шаралардың бел ортасында жүрді. Әлі де сіздер үшін қызмет жасап, сахнадан көңілдеріңізді көтереді. Ернар тап болған бұл жағдайға түспес үшінмен барша әріптестеріме мұндай жеңіл табысқа құмартпауын ескерткім келеді! Осындай келеңсіз жағдайға түсіп қалған Ернар ініме сабыр тілеп, барша ағайынға Ораза айында кешірімді болуын сұраймын", - деп қосты ол.

Еске салайық, бұған дейін полицейлер әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде бірнеше топ адамды жиып алып, ұтыс ұйымдастырған әнші Ернар Айдарды қолға түсіргені туралы айтылған болатын. 

Талқылау