Желтоқсаншылар ЛГБТ-ға қарсы наразылық акциясын өткізді
Алматыда "Тәуелсіздік таңы" монументінің алдына "Желтоқсан 86" қоғамдық ұйымының өкілдері жиналып, ЛГБТ-ға қарсы акция өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеодан алынған
Қауымдастық мүшелері осы алаңда өткен "Феминита" қозғалысының мүшесі Ақторғын Ақкенжебаласының жеке пикетінен кейін аумақты "тазалау" мақсатында ескерткіш басын адыраспанмен аластаған.
“1986 Желтоқсан көтерілісінің күрескерлері елімізде тамырын жайып, өркендеп бара жатқан, қазақ ұлтының бүгіні мен болашағына қатер төндіретін ЛГБТ топтарының қауіпті, арсыз әрекеттеріне мемлекет тарапынан арнайы заң қабылданып, тыйым салынғанын және жазаға тартылуын талап етеміз”, – деді "Желтоқсан 86" қоғамдық қозғалысының атынан сөйлеген Гүлбахрам Жүніс.
Сондай-ақ белсенділер 8 наурыз қарсаңында өтетін митингке рұқсат берілмеуін талап етті. Желтоқсаншылармен қатар алаңға "Феминита" қозғалысының мүшелері Жанар Секербаева мен Ақторғын Ақкенжебаласы да келген.
“Бұл акция қазақ қоғамы қаншалықты бөлінгенін көрсетеді. Бұл жерді аластау үшін адыраспан да әкеліпті. Мен енді осы жерге күн сайын келіп тұруға уәде беремін. Маған –Қазақстан азаматына, қазақ қызына туған жерімде қалаған жеріме баруыма ешкім тыйым сала алмайды”, – деді белсенді Жанар Секербаева.
Жиын соңында желтоқсаншы Гүлбахрам Жүніс Қазақстандағы ЛГБТ өкілдерін арнайы медициналық тексерістен өткізіліп, тіркеуге алу қажет екенін айтты.