Қазақстан спорт федерациясының президенті Әлем чемпионатында жалған хаттама жасаған
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров "Жекпе-жек" федерациясының басшысы Ерназар Әлімбетовтің сотталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Sports.kz
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "Жекпе-жек" федерациясының президенті Әлімбетовке қатысты үкім шығарды. Ерназар Әлімбетов 2021 жылы Алматы қаласында жекпе-жектен өткен әлем чемпионатының хаттамасын бұрмалағаны үшін кінәлі деп танылды.
“Оған 3 692 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Әлімбетов жалған құжаттарды пайдалана отырып, спортқа қатысы жоқ тұлғаларға "халықаралық дәрежедегі спорт шебері" және "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы" спорттық атақтарын беруге өтініш жасаған”, – деді Данияр Биғайдаров сотталушыға тағайындалған үкім туралы айтып.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Бұған дейін "Ақжайық" футбол клубының бұрынғы басшысы Азамат Шайхы 57 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген еді.