Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде жарылыстан кейін жансақтау бөліміне түскен газ құюшы жанған көліктің шығынын өтейді

оооооо
Фото: Stan.kz

Ақтөбеде газ бекетіндегі өртке қатысты сот үкімі шықты. Газ құюшы Рустам Келбетов бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру бойынша кінәлі деп танылды. Ол енді жанып кеткен Hyundai Santa Fe көлігі үшін 23,5 миллион теңге материалдық шығынды өтеуге міндеттелді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Оқиға 2025 жылдың шілдесінде "T-Gaz" газ бекетінде болған. Сот Рустам Келбетовті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 204-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.

"Рустам Келбетов Қылмыстық кодекстің 204-бабының 2-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған бір жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалсын. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес, бас бостандығын шектеу түріндегі негізгі жазадан босатылсын", – деді судья Пангерей.

Осылайша Келбетовке рақымшылық жасалып, ол негізгі жазадан босатылды. Сонымен қатар сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын толық қанағаттандырды. Сотталушыдан өрт кезінде жанып кеткен Hyundai Santa Fe көлігі үшін 23,5 миллион теңге материалдық шығын және 850 мың теңге өкіл шығыны өндірілетін болды. Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Ал жәбірленуші оқиға кезінде өзі де жазым бола жаздағанын айтып, газ бекетіндегі қауіпсіздік талаптарының жоқтығын көтерді. Ол келтірілген шығынды өтеуді сұрады. Алайда сот шығынды ортақ немесе үлестік тәртіппен өндіріп алу туралы өтінішті негізсіз деп таныды. Соттың түсіндіруінше, қылмыстық іс бойынша сотталушы ретінде тек Рустам Келбетов танылған. Ал басқа тұлға іс бойынша куәгер мәртебесінде болған.

оооооо
Фото: Stan.kz

Сот сондай-ақ мұндай оқиғалардың алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар қабылдауды тапсырды. Осыған байланысты Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаменті бастығының назарына жеке қаулы жолдады. Қабылданған шаралар туралы сотқа бір ай мерзім ішінде хабарлануы тиіс.

Ислам Әден
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2026 17:08