Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-қа барған 200 қазақстандық студент далада қалды: Дауға қарбыз себеп болуы мүмкін (видео)

 

Work and Travel қазақстандықтар

Фото: Видеодан скрин

АҚШ-қа Work and Travel бағдарламасы бойынша барған 200-ге жуық қазақстандық студент туристік сапар кезінде қиындықтарға тап болды. Қатысушылардың айтуынша, ұйымдастырушылар уәде етілген бағдарламаның бір бөлігін орындамаған. Ал Сан-Францискоға сапар тоқтатылғаннан кейін топ ұйымдастырылған трансферсіз қалып, қонақүйге орналасуға қатысты қиындықтарға тап болған. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі болған жағдайға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Турға қатысқандардың бірі Ақеркенің айтуынша, сапарға шамамен 190-200 адам қатысқан. Олардың басым бөлігі – 18-21 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары. Турдың құны – бір адамға 1100 доллар. Туристік агенттік қатысушыларға Сан-Францискоға барып, Лос-Анджелесте шопинг жасайтынын айтып, уәде еткен.

"Мен Америкада J-1 визасымен Work and Travel бағдарламасына қатысып жүрмін. Үш ай жұмыс істеп, бір ай саяхаттамақ болғанбыз. Осы сапар үшін құны 1100 доллар болатын турды компаниядан сатып алдым. Біздің топқа 190-200 студент жиналды. Олардың әрқайсысы 1100 доллардан төледі. Алайда тур тиісті деңгейде ұйымдастырылмады", – деді қыз.

Алайда турдың алтыншы күні топ жоспар бойынша Лос-Анджелестен Сан-Францискоға аттануы керек болған кезде автобустарға қатысты қиындықтар туындаған. Салдарынан сапар тоқтатылған.

Ақеркенің айтуынша, ұйымдастырушылар бұған автобустардың бірінің зақымдануы себеп болды деп түсіндірген. Алайда оқиғаның мән-жайы мүлдем басқа болып шықты.

Бір күн бұрын қатысушыларға автобустың ішінде жарылып қалған қарбыздың суреттері жіберілген. Кейін гидтердің бірі топқа осы жағдайға байланысты көлік мәселесі туындағанын хабарлаған.

"Түнде бізге автобуста біреу қарбызды жарып кеткені туралы суреттер жіберді. Қонақ үйдің лоббиінде тамақтанып отырғанымызда, гидтердің бірі келіп, осы қарбыздың кесірінен үлкен мәселе туындағанын айтты. Жүргізуші қонақ үйдегі бөлмесінен шықпай, бізді алып барудан бас тартып отыр екен", – деді қыз.

Оның сөзінше, кейін қатысушыларға осы жағдайдың салдарынан төрт автобустың біреуі істен шыққаны, ал қалған жүргізушілер де жолға шығудан бас тартқаны айтылды. 

Алайда Ақерке жарылған қарбыз студенттерге тиесілі болмағанын айтады.

"Бұл қарбыз 200 студенттің ешқайсысына тиесілі емес. Ол ұйымдастырушылардікі немесе жүргізушілердің өзінікі болуы мүмкін. Нақтысын түсінбедік", –  деді ол.

Лос-Анджелеске оралғаннан кейін студенттер басқа қиындықтарға тап болған. Ақеркенің айтуынша, олар әуежайда бірнеше сағат күтуге мәжбүр болып, қонақ үйге апару керек трансфер келмеген.

Ұйымдастырушылар қонақ үйдегі бөлмелер дайын екенін айтқанымен, кейін нөмірлердің ақысын банк картасымен төлей алмаған. Салдарынан шамамен 200 қазақстандық қонақ үйсіз, трансферсіз және қаражатсыз қалған.

"Лос-Анджелес – үлкен қала. Кешкі сағат 10-да бізді панасыз қалдырып, “өздерің іздеңдер” деді. Компания барлық міндетін орындамай, бейтаныс жерде 200 адамды тағдыр тәлкегіне тастап кетті. Олардың басым бөлігі небәрі 19 жаста", – деп наразылық білдірді қыз.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қазақстандық студенттердің Лос-Анджелеске сапарын ұйымдастырушылармен байланыста екенін айтты.

"Қолда бар мәліметке сәйкес, азаматтарымыздың басым бөлігі Қазақстанға ұшып кеткен немесе жолда келе жатыр. Сапарға қатысушылардың кейбірі кері рейске дейін Лос-Анджелесте қалуы мүмкін. Әуе билеттерін азаматтардың өздері сатып алған және қайту бағыттары әртүрлі болғандықтан, қазір барлық қатысушының елден шыққанын нақтылау мүмкін емес", – деп түсіндірді ведомство.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулдығы жағдайды бақылауда ұстап отыр және отандастарымызға қажеті консулдық көмек көрсетуге дайын.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2026 16:12