Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шетелге жұмысқа барғысы келген қазақстандық студенттер миллиондаған қаражатынан айырылды

шетелге жұмыс, алданған студенттер
Фото: Сюжет кадрларынан скрин

Шетелде жұмыс істеп, табыс табамыз деген 150-ден астам қазақстандық студент жұмысқа орналастырумен айналысатын компанияға алданып қалған. Олар әрқайсысы төлеген 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі қаражатын қайтара алмай жүргенін айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Студенттер жазғы демалысын тиімді өткізгісі келіп, жеті ай бұрын шетелге жұмысқа бару мақсатында компанияға ақша төлеген. 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі қаражатты көбі ата-анасының атынан бөліп төлеуге рәсімдеген. Келісім бойынша осыдан екі ай бұрын бұларға өзге елдерден шақырту келуі тиіс болған. Алайда сол күйі ешкім байланысқа шықпаған.

“Бұл компанияның Инстаграм парақшасында 50 мыңдай оқырманы болғаннан кейін, көп деп ойлап, осы компанияны дұрыс деп қабылдап, бес адам болып бірден тіркелдік. Шартта 31 мамырға дейін жұмыстан шақырту келуі керек еді. Бірақ 31 мамырға дейін келмеді. Келмеген жағдайда 100% қайтарамыз деген. Басында айтты, "біз Германиямен тікелей жұмыс істейміз" деп. Бірақ бас тарту келген кезде, мамырдың онына  қарай “біз қырғыз компаниясымен жұмыс істейміз" деп айтты”, – деді Сұлтан Мұхамеджан.

150-ден аса алданғандардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкенттен. Студенттер дау басталғалы, компанияның кеңсесі үш рет ауысқанын жеткізді. 

"Компания өкілдері бастапқыда Германиядағы DHL логистикалық компаниясына жұмысқа орналастыратынын айтты. Ұсынылған шарт бойынша жалақы сағатына 14–16 еуро, салықтан бөлек төленуі керек еді. Жұмыс үш айға, академиялық демалыс кезеңіне жоспарланып, аптасына бес күн еңбек ету ұсынылған. Бірақ кейін компания байланысқа шығуды тоқтатты, телефон қоңырауларына да жауап бермейді. Біз бәріміз студент болғандықтан, бұл ақша ата-анамыздан алынған. Енді ең болмаса сол қаражатымызды қайтарып алғымыз келеді", – деді Нұрай Рахманбет.

Компания басшысы төленген қаражатты қайтарудан бас тартпайтынын айтты. Оның сөзінше, мәселе шетелдік серіктестердің келісімшарт талаптарын орындамауынан туындаған.

“Шарт бойынша біз қаражатты қайтару міндеттемелерінен бас тартпаймыз. Біз оны орындауға келісеміз. Жалғыз мәселе – қаржыландыру жағынан қиындықтар болып тұр. Өйткені әр клиент үшін қырғызстандық серіктесімізге қызмет ақысы төленген болатын, біз оған бәрін аудардық.  Олар өз міндеттемелерін орындаудан бас тартты. Яғни қаражатты қайтармай отыр. Қазір біз бұл мәселені шешіп жатырмыз”, – деді Job 2 day компаниясының директоры Мирас Оразғалиев.

Компания директоры түйткілді түгелімен шешуге үш айдан аса уақыт керек екенін айтты. Алайда шетелде жұмыс істеп, мол табыс тапқысы келгендер сенбей, полицияға арыз жазды.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 09 Шілде, 2026 10:44