150-ден астам қазақстандық шетелге арзан жолдама аламыз деп алданып қалды

Алматыда туристік компанияның үстінен 150-ден астам адам арыз түсірді. Жәбірленушілердің айтуынша, олар Дубай мен Мысырға арзан бағамен саяхаттауға уәде берген "MC Travel" компаниясына ақша төлегенімен, уәде етілген демалысқа бара алмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарлармасына сілтеме жасап хабарлайды.
Туристік фирма бірнеше жыл бойы клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындап келген. Алайда биыл наурыз айынан бастап ондаған адам шетелге ұша алмай қалған. Кейбір клиенттер турдың кейінге шегерілгенін айтса, енді біріне серіктес компаниямен келісімнің бұзылғаны себеп ретінде көрсетілген.
Жәбірленушілердің арасында компанияға төрт жыл бұрын жүгінгендер де, екі апта бұрын ғана ақша аударғандар да бар. Олардың сөзінше, фирма қызметкерлері түрлі акциялар ұсынып, жолдама ұтып алғанын айтып сенімге кірген. Жәбірленушілердің бірі Гүлназ Бабазова компания тек ұшақ билетінің ақысын төлеу жеткілікті екенін айтып сендірген.
"Бір пакет алсаңыз, алты адам демалуға барасыздар деді. Сөйтіп құрбыларыма айттым. Біреуі қыздарымен барамыз деді. Солардың ақшасын алдым, тәтемнен ақша алдым, өз ақшамды қостым. Турды мамыр айында сатып алдық. Қазір хабарлассам, жауап жоқ", – деді Гүлназ Бабазова.
Жәбірленушілердің айтуынша, компания бір адамнан кемінде 300 мың теңге, ал кейбір клиенттерден 4 миллион теңгеден астам қаражат алған.
Алматы полициясы туристік компанияға қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.
Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәліметінше, қазір компанияның үш жетекшісі ұсталып, сот санкциясымен үйқамаққа алынған.
"Соттың санкциясымен күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ тағайындалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жәбірленушілер саны күн сайын артып келеді", – деді Салтанат Әзірбек.
Алдын ала мәлімет бойынша, келтірілген шығын көлемі 300 миллион теңгеден асады. Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, оларға жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Мамандар туристік қызмет сатып аларда компанияның беделін мұқият тексеруге, клиенттердің пікірлерімен танысуға және салықтық берешегінің бар-жоғын анықтауға кеңес береді. Сондай-ақ төлемдерді тек ресми есепшотқа немесе кассаға байланған терминал арқылы жүргізу қажет екенін ескертеді.
Ал жеке тұлғаның банк картасына ақша аудару қауіпті болуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік желі арқылы арзан туристік жолдамалар ұсынып, 13 адамды алдаған әйелге қатысты сот үкімі шыққан еді. Ол туристік қызмет көрсетемін деген желеумен азаматтардан 20 миллион теңгеден астам қаражат жинап, кейін 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Құзырлы органдар азаматтарға әлеуметтік желілер арқылы туристік жолдамалар сатып алу кезінде сақ болуға кеңес береді.
11 миллион теңгеге дейін: Қазақстандықтар пәтер жөндеуге қанша жұмсайтынын айтты
Оқыңыз