Жазира Жаппарқұл: Сөйлесіп жүрген азаматым бар еді, оған тұрмысқа шығамын деп ойлағанмын
Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері, спортшы Жазира Жаппарқұл жеке өмірі жайлы баяндады. 6 қыздан кейін туған спортшы кімге еліктейді? Тұрмыс құруды қашанға жоспарлады? Өмірде кімді үлгі тұтады? Спортшы жеке құпияларын ашты.
Бұл туралы Талқылайық бағдарламасында айтылды.
Жазира Жаппарқұл спортқа қайта келгенін айтады. Ұлттық құрамадан шығарып тастаған соң өз денсаулығын қолға алыпты. Бүгінде ол емделіп аяққа тұрып, бапкерлікті қолға алған. Қанша салада қызмет еткенімен, өзін спорттан тыс елестете алмайды. Ал бұрын уәде еткендей Токио Олимпиадасына бара алмады.
“Мен Токио Олимпидасына барып алтын алып келемін деп уәде еттім. Алтын әкелген соң тұрмысқа шығамын деген едім. Бірақ екеуі де болмады. Алтын да әкелмедім, Олимпиадаға бармадым. Тұрмысқа да шықпадым. Ол кезде сөйлесіп жүрген адамым бар еді. Қазір жоқ. Басқа да жігіттер бар. Бірақ менен қорқады-ау деймін. Маған бата алмайды. Басым бос. Болашақта тұрмыс құрғым келеді. Өз анам секліді болғым келеді. Анамдай болсам, жаман болмаймын. 6 әпкем бар. Өмірде анамды үлгі етемін”, – деді спортшы қыз.
Жазира Жаппарқұл: Мені керексіз қылған соң спортты ұмыту үшін басқа кәсіптермен айналысуға тырыстым
Жазира Жаппарқұл өмірде Мәдина Сәдуақасованың сұлулығына тамсанады. Ани Лорактың әнін тыңдап өскенін жеткізді. Спорттан бөлек музыкадан ләззат алады.
“Ани Лоракты жақсы көрдім. Бірде сұхбатта Мәдина Сәдуақасованың бояусыз түрін көріп таңғалдым. Оның боянбаған шынайы түрі ұнады. Сұлулықты жақсы көремін”, – дейді ол.
Спортшы қыз аптасына бір-екі сағатын кітап оқуға арнайды. Алайда көп уақыт бөле бермейді. Себебі уақыт тапшы.
“Мен өзімді көп оқимын. Өзіме өзім жазушымын. Қай жерде қателестім, қашан дұрыс сөйлемедім, неге олай айттып деп көп ойланамын. Өзіме өзім жазушы секілдімін”, –дейді ол.