Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жазылмайтын жара": Роза Рымбаева марқұм күйеуіне деген сағынышы жайлы айтты

Роза Рымбаева марқұм күйеуіне деген сағынышы жайлы айтты. Әнші іштегі жара қанша қансырап тұрса да, соңғы 20 жылда өзін қолға алып, тек балалары үшін өмір сүріп келгенін жеткізді. Екі ұлы үшін әлі де 20 жыл жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті. Бұл туралы Халық әртісі Тимур Балымбетовке берген сұхбатында баяндады. 


Әли Оқапов анасы туралы биографиялық фильм түсірмек. Картинада Роза Рымбаеваның жастық шағынан бастап, "Халық әртісі" атағын алғанға дейінгі кезең көрсетілмек. Бұл орайда Роза Қуанышқызы фильмде күйеуі Тасқын Оқапов туралы да көрсетілетінін жеткізді. Ол күйеуін: 

"Жұмсақ, интеллигентті еді. Ешқашан қатты сөйлемейтін, дөрекілік дегенді білмейтін кісі. Жаман сөздер айтпайтын. Музыканттардың барлығы Тасқынды сыйлайтын. Бір жағы ұстаз, дирижер, музыканттарға қамқор болған", –  деп еске алды.

Ал оған деген сағынышы жайлы сұраққа: "Жазылмайтын жара ғой. Оны айту да, қайтадан ол күйге кіру де қиын. Қансырап тұрса да, іштегі дүниенің барлығын жеңіп, соңғы 20 жылдағы ең бірінші мақсатым - екі балам үшін өмір сүру, еңбек ету. 
Солардың бақытты болуына жағдай жасау, солардың өмірінде тірек болу. Былай айтқанда, Роза жоқ. Бірінші кезекте Роза – ана, екі баланың тірегі. 

Әншілік –  менің кәсіби мамандығым. Әлі қартайған жоқпын. Жұмысқа келгенде, бақытты әншімін. Коммерциялық емес, шығармашылық жағынан. Ол өмір бойы есірткі сияқты. 

Бұл жұмысым да нәтижесін беріп жүр. Халық мені сыйлайды, құрметтейді, менімен көптеген оркестр жұмыс істегісі келеді", – деді Роза Рымбаева.



Бүкіл саналы ғұмырын балаларына арнаған әнші алдағы уақытта да тек солар үшін еңбек ететінін айтты. 

"Олар жас қой әлі. Екі баламды көтеруім, жеткізуім керек. Әлі олар үшін 20 жыл еңбек етуім керек. Әли жаңа бастап жатыр, Мәди әли студент. 

Менің сағынышым, мұңым бастысы емес. Тек балаларым бақытты болса, бастысы сол.

Кенжем өмір бойы менімен бірге тұрады. Мен үшін ол әрқашан кішкентай. Өзі қызғаншақ. Түріне қарамай, мені қызғанады. Мен оны кішкентай кезінде қалай еркелетсем, әлі солай еркелетемін", –  деп ағынан жарылды Роза Қуанышқызы.    
 

Талқылау