“Жай ғана ер адам болғаның үшін түрмеге жабады”: Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды қатаңдатуға кімдер және не үшін қарсы?
Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың “өз әйелін ұрып өлтірді” деген айыппен ұсталғанынан кейін қоғам арасында басталған шу әлі басылмай тұр. Осыдан кейін көпшілік тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды күшейтуді талап етіп, петиция да жариялаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі заңның бәріне ортақ екенін айтып, мұндай оқиғалармен “табанды түрде күресу” керек екенін айтқан. Алайда бұл заңның қатаңдауына қарсы шығып жатқандар да бар. Stan.kz ақпарат агенттігі қоғам арасында айтылып жүрген пікірлерді саралады.
Қазір “әйелін ұрып өлтірді” деп айыпталған Бишімбаев екі айға қамауға алынған. Бұрын экономика министрі болып тұрған кезінде жемқорлық айыбымен 10 жылға сотталып, бірақ кейін мерзімі өтпей босап шыққан экс-шенеунікті тағы да жазадан жалтарып кетеді деп алаңдаған марқұм әйелінің туыстары істің барынша елдің назарында болғанын қалайды.
15 қарашада Тоқаев ішкі істер министрі Ержан Сәденовті, бас прокурор Берік Асыловты және жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдап, басқа істермен қатар Бишімбаевтың ісін ерекше назарда ұстауды тапсырған. “Заңның бәріне ортақ екенін” қадап айтқан ол “әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлерімен табанды түрде күресу керек”, – деді.
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң мен әйелдерді қорғайтын заңның әлсіздігі жайлы пікір қоғам арасында жиі талқыланады. Бірақ бұл жолғы толқу өзгерек болып тұр. Бишімбаевтың резонансы әйелдер үнемі зорлық-зомбылыққа ұшырайтын жүйені реформалауға жеткілікті бола ма?
“Еркектерді қаралайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз”
Журналист Әлішер Ахметов жоғарыда аталған заңның қатаңдатуына қарсы шығып, пікір білдіргендердің бірі. Өзінің айтуынша, желіде жазған жазбасынан кейін біраз сынға ұшыраған. Олардың ішінде тіпті қорқытқандары да болды, дейді ол.
“Қабылданбақ заңның мақсатын түсінуімше, енді әлеуметтік желідегі жазбаның көмегімен пәтер өзінікі болса да, ер адамды үйінен шығарып жіберуге болады”, – дейді ол.
Ол сөзінде қоғам арасында бүкіл еркектердің әйелдерді ұрып, зорлайды деген пікір қалыптасқанын астарлап жеткізді.
- “Ұйықтап жатқан жерінен көтеріп шығарыпты”: Алматы облысында 9 жасар қызды белгісіз біреу зорлап кеткен
- "Ішімдікке жақын еді": Павлодар облысында 7 жасар қыздың өліміне қатысты көршілері адам шошырлық деректермен бөлісті
“Мен баяғыдан ешкімді ұрмау қажет деп санайтынмын. Бұл логикалық түрде әрине солай. Бірақ мен ешқашан сен ешкімді ұрмасаң да жәй ғана ер адам болғаның үшін түрмеге жабады деп ойламаппын”, – дейді Ахметов.
Журналист желідегі жазбасынан кейін біраз сын мен қорқытулардың болғанын жасырмады. Алайда ол біреуге ұнамады деп бұл тақырыпты қозғауын тоқтатпайтынын жеткізді.
“Егер үндемесек – одан да үлкен қателік болады. Осыны оқып отырған ер азаматтардың бірі әйелін ұрмағаны үшін жаңа заң оған әсер етпейді деп ойласа, онда мен қателестім деп үміттенемін. Бірақ фактілер факт болып қала береді. Біз күн сайын еркектерді қаралап, қоғамнан шеттететін заманда өмір сүріп жатырмыз. Қазақстанда ерлер арасындағы суицид әйелдерге қарағанда 5 есе көп. Сондай-ақ ерлерге қарсы жасалатын қылмыстар да көбірек”, – дейді Әлішер Ахметов.
“Ыдыс-аяқты жалтыратып жуамын”
Тағы бір журналист, подкастер Елдар Құдайбергенов тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қандай түрі болмасын, бәріне қарсы екенін айтады.
“Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесіне келгенде қырық пышақ болып жатқанымыз – "сол жақ" көзқарас пен "оң жақ" көзқарас. Қарапайым тілмен айтқанда мәселе мынада: Саясатта "оң қанат" және "сол қанат" терминдері негізінен идеологиялық және саяси бағыттарды білдіреді. Олардың түрлі елдерде әртүрлі коннотациялары бар, бірақ әдетте төмендегіше: оңшылдар көбінесе дәстүрлі құндылықтарды қолдайды. Солшылдар әдетте әлеуметтік әділдік пен теңдікті жақтайды. Сондықтан, байқасаңыздар көбіне "оңшылдар" бұрынғы көзқарасты ұстанып, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне келгенде әйелдерге кінә тағады. Ал "солшылдар" жаңа көзқараста және олар тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінде сол зорлықты істеген адам кінәлі дейді. Қазақстанда көбіне бұл күйеуі боп келеді”, – деп түсіндіреді ол.
- Павлодарда әкесі 11 жастағы қызымен кездесуге келген педофилді ұстап алды
- "Шегетінін шегеді, ішетінін ішеді": Қоғам белсендісі хиджабтағы қыз-келіншектерді сынап тастады
Ол өзі бақылап жүрген Қазақстанның толығымен болмаса да, көбіне "оң жақ" көзқарасты ұстанып отырғанын жасырмады.
“Мен кімге қатысты болмасын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қандай түрі болмасын, қарсымын. Ыдыс-аяқты жалтыратып жуамын және ол процесті медитативті деп санаймын. Баламыздың тәрбиесіне белсенді қатысамын. Біздің үйде нағыз меритократия деп білемін: отбасындағы кез келген мәселе бойынша кімнің компетенциясы жоғары – тізгін сонда”, – дейді Елдар Құдайбергенов.
Белсенді Камила Еңсегенова Бишімбаевтың ісі қоғам арасындағы үлкен мәселенің бетін ашып бергенін айтады.
“Көбіне, біз үшін әйелі мен бала-шағасына қол көтеретіндер алқаш, наркоман, ауылда оқымаған, кедей өмір кешіп жатқан, шаруасы біткен бір сорлы елестейді. Ал, жәбірленуші 10 жылда 10 бала туып, артық сөз айтуға қорқатын, оқымаған, жұмыс жасап көрмеген бір бейшара әйелдер елестейді. Ақылды, мықты, оқыған, бренд киетін, бай-қуатты әйелдер күйеулерінен соққы алады деп ойламаймыз. Ал, болашақпен шетелде оқыған, мәдениетті адам ондай қылмыс жасамайды деп ойлаймыз”, – дейді ол.
Оның сөзінше, мұндай оқиғамен кез келген адам ұшырасуы мүмкін.
“Осы іс қазақ әйелдерін зорлық-зомбылықтан ешнәрсе қорғамайтындығы, бай-қуатты, әдемі, әрі мықты болсаң да, бұл бәріміздің басымызға келуі мүмкін екендігін түсіндірді”, – дейді ол.
Зорлық-зомбылыққа қарсы петицияға ерлердің 12 пайызы ғана қол қойған
Қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны күшейтуді талап ететін петицияға 140 мыңнан астам қол жиналған. Бұл көрсеткіш билік қойылған талапты қарау үшін қажетті деңгейден асып кеткенін айта кетейік.
Тағы бір айта кетерлігі, 20 қарашадағы мәлімет бойынша, олардың тек 12 пайызы (17,5 мың) ерлер дауысы.
Құжат авторы Рахым Ошақбаев ер адамдар қол қойған бұл санның мардымсыз екенін айтады. Ол ер азаматтардың бұл мәселенің маңыздылығын әлі толық түсінбейтінін жеткізді.
“Егер біреу ер азаматқа шабуыл жасайтын болса, ол қарсы төтеп бере алады. Әйелде априори физикалық тұрғыдан әлсіз болғандықтан, мұндай мүмкіндік жоқ. Қазақстандық әйелдер бұл дүниені еркектерге қарағанда өздері үшін әлдеқайда қауіпті деп санауы мүмкін деген қорытындыға келдім. Бірақ азаматтар бұл мәселеге әйелдер неліктен наразылық білдіріп жатқанын толық түсінбейді. Мұны ер адамдардың өздеріне сұрақ қою арқылы – егер олар өздерін ұрып-соққан адамға қарсы тұра алмайтын жағдайға тап болса және заңға сүйене алмайтын кездерде өздерін қалай сезінетінін сұрау керек”, – дейді Ошақбаев.
Айта кетейік, 2020 жылы COVID-19 пандемиясының және бүкіл әлем бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың деңгейі өскен жылы Қазақстанда 180 мың отбасылық зорлық-зомбылық туралы шағым тіркелген. Содан бері бұл көрсеткіш 100 мыңнан төмендеген жоқ