Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жататын жеріміз болмағанда паналатқан еді": Әнші Нұржан Қалжан өнердегі ағаларына алғыс айтты

Танымал әнші Нұржан Қалжан өнер жолында көмектескен ағаларына алғыс айтып, шапан жапты. Сахнаға алғаш шыққан кездегі қиналғанын да есіне алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “1001 түн” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жақында әнші 40 жасқа толғанын атап өткен болатын. Сол тойда Рахман Омар мен Сәбит Әбдіхалықовқа шапан жапты.

“Қазақта “Сен ешкім емес кезіңде киген киіміңді босағаға іліп қой. Дәулетің тасып, кемеліңе жеткенде сол қара шапаныңа қарап, шүкір ет” деген тәмсіл бар ғой. Сол сөзді үлгі етіп, қиын күндерде көмектескен ағаларыма сыйлық бергенім бар. Алғаш сахнаға шыққанда өте қатты қиналдық. Тіпті жатып, тамақ ішетін жеріміз болмады. Сол кезде Рахман ағам хабарласып, тойға шақыратын. “Өкінбе сен” әнімнің жарыққа шығып жатқан кезі. Мен барып, тойларда ән айтамын. Өзі алыстан бақылап, кірпік қақпастан әнімді тыңдап тұрады. Сол кезде өзі сүйіп тыңдайтын болғасын, басқаратын тойларына мені шақырады екен. Сондай бір той кезінде менің қолыма 50 доллар ұстатқаны бар. 2005 жылы ол өте көп ақша болатын. Не деген берекелі ақша болған деймін сол кезде, жанымдағы достарыма да жетті. Ағамның сол жақсылығын ұмытпаймын”, – дейді әнші.

Сондай-ақ, актер Сәбит Әбдіхалықов та әншінің жарыққа шығуына ықпал етіп, проодюсер болған.

“Алматыға келіп, өнердегі бақталастықты көріп, сахнаға шығу қиын екенін біліп, ауылға қайтуды ойладым. Тек жарыстарға қатысып үйреніп қалғасын табыс көзі де болмады. Ауылға қайтуды ойлап жүргенде университеттегі ұстазым Сәбит Әбдіхалықовпен таныстырды. Қонатын жерім болмай ағамыздың үйіне барып тұрдым. Әнші болғым келетінін, бірақ сахнаға шығуға мүмкіндігім болмай жатқанын ол кісі де білді. Түркістанға қайтайын деп жатқанда “мен саған продюсер боламын, жаңа әндер жазамыз” деді. Содан бастап, концерттерге шыға бастадым. Ел ішіндегі концерттерге қатыстым. Бір күні Кеңес Дүйсекеев ағамыз хабарласып, шығармашылық кешіне шақырды. Сол жерден Қыдырәлі аға көріп, продюсерлік орталығына шақырды. Әлі күнге дейін Сәбит ағаға риза боламын. “Қыдырәлінің қолынан келеді, жолыңа тұрмаймын” деп батасын беріп, шығарып салды”, – дейді әнші. 

Еске салайық, әншінің мерейтойында достары ақшадан шапан тігіп, кигізгенін жазған болатынбыз. 

Талқылау