Қазақстанда 21 жасқа дейінгі жастарға несие рәсімдеуге тыйым салу ұсынылды
Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев Шымкент жастарымен кездесіп, кездесуден алған әсерімен әлеуметтік желілерде бөлісті. Ол жастарды толғандыратын мәселелермен танысқанын айтып, жас әріптестерінің 21 жасқа дейін жастарға несие алуға тыйым салу туралы ұсыныс жасағанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Шымкент жастар мәслихатының депутаттарымен кездестім. Жастар өз қатарластары үшін өте терең проблемаларды көтерді. Оларды толғандыратын мәселелермен таныстым. Жас депутаттар қатарластарының несиелерге көп жүгінетініне алаңдаулы. Қазір қаптаған микронесиелік ұйымдар 18 толған жастарға үлкен пайыздық үстемелермен несие береді. Ірі сауда орталықтарында тек жеке куәлікті көрсетіп, тауарларды несиеге рәсімдеуге болады, кредитоматтар орнатылған. Бірақ көбіне ауылдан оқуға келген жастардың қаржылық сауаттылығы жоқ, қандай пайыздармен несиелерін қайтаратынын білмейді. Осыдан келіп қылмыс, ұрлық-қарлық, рэкет деген пайда болады. Қалада көліктердің айнасын ұрлау көбейген. Жалпы 18-ге келген жеткіншек әлі жұмыс істемейді, несиесін өтеуге ақшаны қайдан алады?! Сондықтан жас депутаттар 21 жасқа дейін несие беруге тыйым салуды ұсынды", - деп жазды халық қалаулысы.
Сонымен қатар шымкенттік жастарды, оның айтуынша, жас кәсіпкерлерді қолдау мәселесі, мектептердегі әлімжеттік, "Дипломмен ауылға" және "Серпін" бағдарламаларының жүзеге асырылуы алаңдатады екен.