Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жас аналарда жиі кездесетін төрт ауру түрі аталды

Акушер-гинеколог Денис Банни Doctorpiter басылымына берген сұхбатында жас аналардың қандай ауруларға бейім екені туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 


Баланың дүниеге келуі әйел өмірін күрт өзгертеді. Жаңа міндеттердің артуы, күнделікті тәртіптің өзгеруі, ұйқысыз түндер және ең бастысы, нәрестенің денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін үлкен жауапкершіліктің қосылуы. Мұның барлығы денеге ауыр жүк. 

Босанғаннан кейінгі депрессия

Соңғы мәліметтерге сәйкес, босанғаннан кейінгі депрессия жаңа туған аналардың 15 пайызында анықталған. Ол орта есеппен алғанда бір айдан кейін пайда болатын психикалық бұзылыс.

Депрессияның бұл түрі жас ананың балаға қамқорлық жасағысы келмеуінен, кейде оны көргісі келмей, төсектен тұра сала бірден басқа шаруаларымен айналысуынан байқалады. Бұндай жағдайда жас ана әлемге,  адамдармен қарым-қатынасқа, хоббиге деген қызығушылығын жоғалтады. Босанғаннан кейінгі депрессия ауыр болмаса 3-6 айда жойылады, бірақ кейбір әйелдерде 1,5-2 жылға дейін созылуы мүмкін.

Әдетте бұл жағдай нәресте туылғаннан кейінгі гормоналды өзгерістерден туындайды. Жас ананың өзіне уақыт бөле алмайтындығы, оның жеке кеңістігінің жоқтығы және қоғамнан оқшаулануы сияқты жағдайлар да әсер етеді. 

Босанғаннан кейінгі депрессия әйелдің өмір сүру сапасын төмендетіп қана қоймай, ол ана мен баланың өлім қаупін тудыруы мүмкін. Сондықтан бұл аурудың алғашқы белгілері байқалса маманмен кеңесу қажет. 

Арқа және мойын ауруы

Босанғаннан кейін арқадағы ауырсыну буындардың шамадан тыс қозғалуынан пайда болуы мүмкін. Салмағы артып келе жатқан нәрестені көтеру қажеттілігі остеохондроз туғызады. Егер арқада қатты ауырсыну болса және ол ауырсыну аяқ пен жамбасқа таралу мүмкін. 

Нәрестені бір қолымен жамбасқа тіреп көтеру немесе бір жақ бетте жатып тамақтандыру салдарынан жас аналарда омыртқа қисаю мүмкін. Ол өз кезегінде жүйке талшықтарының қысылуына әкеледі, арқадағы қатты ауырсынуды тудырып, омыртқаның қозғалғыштығын шектейді. Егер сіз арқадағы ауырсынуды сезсеңіз, физиотерапияны тағайындайтын дәрігермен кеңесіңіз. 

Тіс аурулары

Күрделі және кенеттен пайда болған тіс ауруы, бұл жас аналардағы ортақ мәселе. Көптеген жүкті әйелдер тіс емдеуден қорқады, нәрестеге зиян тигізуі мүмкін деп есептейді. Ал нәресте туылғаннан кейін тіс дәрігеріне баруға уақыт пен мүмкіндік табу өте қиын. Сонымен қатар, ананың  баланы емізуі сау тістерге қажетті кальцийді және басқа минералдарды денеден шығарады.

Нәтижесінде жас анаға кариес пен пульпитпен күресуге тура келеді. Бұл жағдайда құрамында кальций бар тағамдар мен сүзбеге бай диета көмектеседі. Нәрестенің амандығы ананың денсаулығы мен тыныштығына байланысты.

Темір жетіспеушілігінен туатын анемия

Босану және емізу кезінде қан жоғалту салдарынан басқа элементтермен қатар ана ағзасына керек темір элементіде азаяды. Темір жетіспеушілігінен туатын анемия – қан сарысуындағы және сүйек кемігіндегі темір мөлшерін азайтып, гемоглобин мен қан жасушаларын бұзатын ауру. 

Нәтижесінде гипоксия пайда болады, соның салдарынан ана өзін әлсіз сезінеді. Сондай-ақ темір жетіспейтін жас ананың көңіл-күйі нашарлайды. Өйткені элемент нейрондардың бір-бірімен байланысу синтезіне ықпал етеді. Әйелдің шашы мен тырнақтары құрғап, сынғыш болады, терінің жағдайы нашарлайды. Бұл ауруға тән белгілерінің бірі – дәмнің бұзылуы. Адам ағзасына темір жетіспеген жағдайда, ол бор, саз, топырақ сияқты жеуге болмайтын нәрселерді жеуге құмар болады.

Темір тапшылығы анемиясы гастритке, бұлшықет әлсіздігіне және иммунитеттің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Бұл ауру темір препараттарымен емделеді. Дәрігерлер жас аналарға анемияның алғашқы белгілерін күтпестен бұрын, препараттарды профилактикалық дозада қабылдауға кеңес береді.

Денсаулықты күту маңызды

Балаға күтім жасау көп уақытты қажет ететініне қарамастан, сіз де өз денсаулығыңызға назар аударып, дәрігерге үнемі барғаныңыз дұрыс. Бұл өмірге көлеңке түсіретін күрделі мәселелердің уақытында алдын алуға  көмектеседі. Сонымен қатар аналар өздерінің диетасын, күнделікті режимін және эмоционалдық жағдайын бақылауы керек.
 

Айнұр Мұхади
Сенбі, 17 Маусым, 2023 15:41