Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жапонияда 7-8 жыл соғыстым": Алматы облысында 95 жастағы қария соғыс ардагері мәртебесін ала алмай жүр

Алматы облысыда 95 жастағы қария әлі күнге соғыс ардагері мәртебесін ала алмай жүр. Фашистерге қарсы соғыс кезінде "резервте болдым" деген Әбдібай Тоқманбетов, артынша жапон соғысына аттанып, елге тек 1948 жылы оралған. Бірақ оған тек тыл ардегері деген мәртебе берілген.  Ресейдің Гатчин қаласындағы мұрағаттан оның жапон соғысына қатысқанын растайтын құжаты да табылған екен. Алайда іс содан әріге жылжымай тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Шөбереге ертегідей естілген ата әңгімесі Әбдібай ақсақалдың көңілінде әлі сайрап жатыр. От ортасынан оралғанына жетпіс жылдан асқанмен, жанкешті күндер көрінісі жанарындағы жаспен әлі күнге сырғиды. 

"Жапонияға бардым. Сол Жапонияда 7-8 жыл соғысып, аман-есен оралдым ауылға. Мынау 42-жылдан 48-ші жылға дейін", - деді Әбдібай Тоқманбетов.

Ақсақалдың айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыста резервте болып, артынша жапон майданына аттанған. Бірақ елге оралғанда Тоқманбетовке тек тыл ардагері деген мәртебе берілген. Қарияның өзі оны дауламай жүре берген. Тек артындағы ұрпағы, атаның еңбегі еленуі керек деген пікірде. Сөйтіп сұрау салып жүріп, бертінде Ресейдің Гатчин қаласындағы мұрағаттан Әбдібай ақсақалдың соғысқанын растайтын құжат та алдырыпты. 

"1993-жылы Владивостокта болады. Содан 1948-жылы Владивостокта әскери қызметін бітіріп бері қайтады. Сонда менің бір түсінбейтін нәрсем, бұл кісі қазір "тыл еңбеккері" дейді. Бұл кісі екі жақта жүре ме? Жартысы Владивостокта жүрсе, жартысы Алматы облысында жүре ме?", - дейді Ә. Тоқманбетовтің ұлы Ерік Тоқманбетов.

"Бұл кісіні енді кім деп есептейміз? Тылда қалай болады ол кісі? Ауылда жүрсе, істеп жүрсе болады. Не істесе де, Алматы облысында, Қазақстанда тұрып, Владивостокта тұрып жұмыс істесе де, бұл кісі соғысқа барып істеген болады", - деді Ә. Тоқманбетовтің туысы Рыскелді Жақаубаев.

Масақ ауылындағы ақсақал үйінде "Соғыс ардагері" деген балалары орнатқан тақтайша тұр. 9-мамырда көңілін кірбің басатыны олардың да жанына батады.

Тілшілер мәселенің мәнісін білмекке Еңбекшіқазақ ауданындағы қорғаныс істер жөніндегі бөлімге барған. Олар сұхбат беруден бас тартыпты. Бар айтқаны Ресейдің Гатчин қаласындағы мұрағат Тоқманбетов туралы толық ақпарат алу үшін Ресейдің Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатына сұрау салған. Бұл жақ соның жауабын күтіп отыр екен. 

Әбдібай ақсақал бұл жауапты селқос, салқын қабылдады. Соғыстың бейнетін көріп, отынан өткенмен, 95 жасына дейін бір тілім жапырақ қағаздың кесірінен тиісті атағын ала алмай келеді. Оның ұрпағы жергілікті мекемеден қайыр болмаса, онда арашаны Қорғаныс министрлігінен сұрамақ.

Талқылау