"Жанжалдың сыра үшін басталғаны дәлелденбеді": Полицейлер Талғардағы қайғылы жағдайдың бейнежазбасын көрсетті
Ішкі істер министрлігінің өкілі Талғарда 16 жастағы Шерзат көз жұмған күні бейнебақылау камерасына түсірілген видеоны көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Бейнежазба 4 қазан күні "Қамажай" дүкенінде түсірілген. Видеодан Шерзаттың өліміне қатысты күдіктілердің бірі екі бөтелке сыра мен 4 темекі сатып алғанын көруге болады. Алайда төлем бірден жасалмаса керек. Біраз уақыттан соң ер адам тағы бір бөтелке сыра алып, оны қолма-қол ақшамен төлеген.
Кейін күдікті дүкенге қайта келіп, телефонын қуаттап алуды сұраған. 4 минуттан соң келіп, телефонын алып кеткен. Әрі қарай оқиға дүкен сыртында жалғасады. Ер адамдар арасында жанжал басталып, арты төбелеске ұласқан.
Талғар қаласының әкімі мен оның орынбасары қызметінен босатылды
ІІМ өкілі бейнежазбадан кейін жанжалдың сыра үшін басталғаны расталмағанын айтады.
"Ер адамның үшінші бөтелкенің ақысын қолма-қол ақшамен төлегенін, қалған ақшасын қайтарып алғанын көреміз. Сондықтан жанжал бір бөтелке сыра үшін басталды деген сөз бейнежазба негізінде дәлелденбеді. Бұл сәтте жанжал болмаған. Ер адамдар қол алысып, күдікті шығып кетеді", – дейді ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов.
Самат Аисовтің сөзінше, дүкен сыртында марқұм Шерзаттың әкесі мен күдіктілер ақшаның есепшотқа түскен-түспегенін талқылаған. Алайда бұл уақытта күдікті дүкеннен алған тауарлар үшін қаржыны аударып қойған дейді ІІМ өкілі.
Айта кетейік, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. 14 қазанда марқұм Шерзат Болаттың өліміне қатысты бұрынғы “Хутор” ауылының тұрғындары пікір білдірген еді. Ал кешке қарай Хасанның өзі экранға шығып, үндеу жасаған. Ол адвокат жалдағанын, өзін “Хутор бандасының” басшысы деп қаралағандармен соттасатынын айтқан.