Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жанат Самат "Жасыл даму" мемлекеттік компаниясының басшысы болып тағайындалды

Утилизациялық алымның жаңа операторы "Жасыл даму" компаниясын Жанат Самат басқарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығымен "Жасыл даму" АҚ басқарма төрағасы болып Жанат Самат тағайындалды", - делінген хабарламада.

Бұған дейін президенттің тапсырмасымен утиль алымын жинайтын жекеменшік "Оператор РОП" компаниясының қызметі тоқтатылды. Оны мемлекеттік оператор – "Жасыл даму" компаниясы алмастырды.

Қазір құзырлы органдар "Оператор РОП" компаниясына қатысты тексеріс жүргізіп жатыр. Бұрынғы оператордың функцияларын мемлекеттік компанияға беру процесі әлі аяқталған жоқ. Осыған байланысты "Жасыл даму" утилизациялық алым жинауды уақытша тоқтатты.

Жанат Самат 1980 жылы Ақтау қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Есенов атындағы Ақтау университетін тәмамдады. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 2001 жылы Маңғыстау облысында салық комитеті бөлімінде бас салық инспекторы болып бастады. Әртүрлі жылдары салық комитетінің түрлі бөлімдерінде бас салық инспекторы болды.

2008 жылы Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары, кейін "Каспий" ӘӘК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2014-2016 жылдары Қызылорда қаласында "Байқоңыр" ӘӘК ҰК" АҚ басқарма төрағасы болып жұмыс істеді.

2019 жылы экология, геология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі болды.

2020 жылдан экология министрлігі жанындағы "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдамалық орталығы" бас директоры қызметін атқарды.

Тұрмысқа шыққан, үш баланың анасы.

Талқылау