Жанар Айжанова тұрмысқа шыққан кезін көрсетіп, қызының әкесі жайлы айтты
Жанар Айжанова осыдан 27 жыл бұрын тұрмысқа шыққан видеосын жариялап, қызының әкесі туралы айтты. Әнші бұған дейінгі сұхбаттарында бірінші күйеуінің тойдан кейін көп ұзамай қайтыс болғанын, ішіндегі қызымен жалғыз қалғанын айтқан еді. Алайда соған қарамастан, Айжановадан әлі күнге дейін "Айжұлдыздың әкесі кім?" деп сұрайтындар бар көрінеді. Көпті толғантқан сауалға әнші жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бұл осыдан 27 жыл бұрын менің қожалардың әулетіне келін болып түскен оқиғам. Марқұм Адайбек тойдан кейін көп ұзамай жол апатынан қайтыс болып кетті. Екеуміз де 27 жаста болатынбыз. Менің тағдырым сол кезден басталды. Көзімді жұмып, қанша рет дария кештім десейші. Аяғым ауыр, елде тоқырау, әркім өз басымен қайғы болып кеткен кез. Сүйенерім де, сенгенім де бір Алла. “Жыртық үйдің құдайы бар” демекші, тырмысып жүріп, қанаттыға қақтырмай, қызымды да өсірдім.
Айжұлдыздың өз әкесі кім деп әлі күнге дейін сұрайды елдер. Папасы жігіттің сұлтаны, бір сөзді, мысы басым, қолы ашық, сымбатты, нағыз ержүрек батыр дер едім. Алланың жазғаны сол болды, ерте кетті. Осыдан екі жыл бұрын елге қызым екеуміз арнайы барып, Айжұлдызды әжесіне, бауырларына апарып, ас беріп, басына құран оқып келеміз деп отырғанда карантинге тап болдық. Соның реті биыл келді. Айжұлдыз папасының басына барып, өзі құранын оқып, әжесіне сәлем беріп, бауырларымен қыдырып, үлкен іс бітіріп келдік. Әжесі де жасы 87-ге келсе де, май айында Сылдырмақтың тұсаукесер тойына арнайы келіп, батасын беріп кетті. Алшақтап бара жатқан арамызды апам өзі келіп, қайта жалғап кетті.
Бүгін мына видеоны интернеттен тауып алдым деп Қарағандыдан бір танысым уатсапқа жіберіпті. Содан өткен 27 жылға ойша саяхат жасап, көз алдыма кино сияқты небір дүниелер келіп, біраз толқыдым. Ақыры интернетте жүр екен, менің де лентамда тұрсын деп қойдым. Дей келе жас отау құрып жатқан жастарымыз топырақтан тысқары болып, бір жастықта қартайсын деп тілеймін", – деп жазды Айжанова желідегі парақшасында.