Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңаөзеннен келген мұнайшылардың талабы айқын емес - Энергетика министрі

Бүгін Үкімет отырысынан кейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Астанада митинг өткізген мұнайшыларды талабына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Энергетика министрінің сөзінше, наразылық білдіріп келген мұнайшылардың талап-тілегі айқын болмаған. 

“Алдымен оларды нақты мәселесін түсінгіміз келеді. Мұның қандай деңгейде шешілетінін білуіміз қажет. Егер мәселені шешу министрдің немесе Үкіметтің деңгейінде шешілу қажет болса, диалог қамтамасыз етілетіні анық. Қызметкерлермен келіссөз жүргізу керектігін көріп отырмын. Егер менің шығуым қажет болса, мен міндетті түрде шығамын”, - деді Алмасадам Сәтқалиев үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап бере отырып. 

Алмасадам Сәтқалиев Астанаға жиналған жаңаөзендіктердің алдына министрлік өкілдері шыққанын айтты. 

“Олармен диалог ұйымдастырылды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері болды. Энергетика министрлігінің департамент директорлары болды. Олар диалогке кіріскен жоқ, бірақ сол маңда мәселені бақылап, адамдармен сөйлесті, талаптарын нақтылады. Қазір біз ресми ұстаным әзірлеп жатырмыз", - деді министр. 

Сонымен қатар министр митинг дау тудырып, жұмысқа кедергі келтіру үшін ұйымдастырылғанын атап өтті.  

“Бұл акция елді дүрліктіріп, көптің назарын аудару үшін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жұмысына кедергі келтіру үшін өткізіліп жатыр.  Өйткені біздің қызметкерлер министрлік алдына өте көп адам жиналғандықтан жұмысқа кіре алмай отыр. Біз ашық диалогты қолдаймыз. Қолымыздан келгенді жасадық”, – деді ол. 

Еске салайық, кеше Астанаға Жаңаөзеннен келген мұнайшылар Энергетика министрлігінің алдында түнеді. Тендерден ұтылып қалған "БерАли Маңғыстау Company" компаниясының жұмыстан қысқарған қызметкерлері мәселелерін шешу бойынша бірнеше талап қойды. 

 

Талқылау