Жаңаөзендегі жарылыс газ баллонынан шыққан жоқ - Төтенше жағдайлар министрлігі
Төтенше жағдайлар министрлігі Жаңаөзендегі жарылыстың газ баллонынан болғанын теріске шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бүгін таңғы бестер шамасында Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында №2 мөлтекаудандағы екі подъезді, қосқабатты тұрғын үйде газ жарылысы болды. Қазір оның себептері анықталып жатыр. Бастапқыда апат себебі - газ баллоны деп берілген болатын. Бірақ кейін ол тұрғын үйде газ жүйесі жүргізілгені мәлім болды", - деді өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Төтенше жағдайлар қызметінің баспасөз қызметі брифингтен кейін комитет басшысының айтқан дерегін растады.
"Иә, әуелде жарылыс газ баллонынан болды деген болжам тараған. Кейін ол үйге газ тартылғаны белгілі болды. Жарылыс табиғи газдан келді деген нұсқа қаралып жатыр. Яғни, газ құбырынан ақау шыққан болуы мүмкін", - деді министрліктің баспасөз қызметіндегі мамандар.
Айта кетейік, Жаңаөзендегі апат кезінде қаза болғандар саны 4 адамға жетті.