Қаза тапқандар саны төрт адамға жетті: Жаңаөзендегі жарылыс бойынша қылмыстық іс қозғалды
Жаңаөзендегі жарылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі уақытта жарылыс салдарынан қайтыс болғандар саны 4 адамға жетті. Ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп, жарылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ауруханаға жатқызылғандардың барлығы травматология бөлімшесінде ем алады. Ал жағдайы ауыр тұрғындар жансақтау және қарқынды терапия анестезиология бөлімшесіне, бір пациент облыстық ауруханаға жедел авиациялық тікұшақпен жеткізіледі.
"Қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғыра көңіл айтамын. Зардап шеккендерге және олардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі, жаңа тұрғын үй беріледі. Апаттық жұмыстарға көмек көрсеткен еріктілер мен қала тұрғындарына алғыс айтамын. Қазіргі уақытта барлық адам үйінділерден шығарылды", - деді Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев.
Мамандар үйінділерді тазарту жұмыстарын жалғастырып жатыр.