Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жанәбіловтер соты: Блогерлер кінәсін мойындамады, ал куәгер тергеушінің пара сұрағаны туралы мәліметті ойдан шығарғанын айтты

Фото: instagram.com/zhanabylov_e

Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс сотта қаралып жатыр. Отырыста алғашқы куәгер жауап берді. Сонымен қатар блогерлер тағылған кінәні мойындамайтынын айтты.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Блогерлерге тағылған айып

Астананың ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша негізгі сот процесі басталды.

Блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабының 2-бөлігі (Заңсыз кәсіпкерлік) және 218-бабының 2-бөлігі (Қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) бойынша айып тағылған. Айыпталушылар 2 ақпаннан бері үйқамақта отыр. 13 наурызда өткен алдын ала тыңдауда айыпталушылар істі жабық режимде қарауды сұраған. Алайда судья бұл өтінішті қанағаттандырмады. Сонымен қатар айыпталушылардың өтініші бойынша журналистерге блогерлерді фото және видеоға түсіруге тыйым салынды.

Сот отырысының басында судья Әділбек Баймаханов айыпталушыларға олардың құқықтарын түсіндірді. Айыпталушылардың адвокаты Гаухар Айтжанова сотқа бірқатар куәгерді, қылмыстық іс бойынша екі тергеушіні шақыру туралы өтініш білдірді.

Ал прокурор Олжас Хайруллаев тергеушілерді шақырудан бас тартуды сұрады. Сот куәгерлерді шақыруға келісім беріп, тергеушілерге қатысты мәселені ашық күйінде қалдырды.

Сонымен қатар сот Астана қаласының прокуратурасын блогерлерге қарсы азаматтық талап бойынша талапкер ретінде таныды.

Блогерле кінәсін мойындамады

Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова заңсыз кәсіпкерлікке қатысты кінәларын мойындамады. Прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайруллаев олардың әрекеті Қылмыстық кодекстің 214-бабына сәйкес келетінін мәлімдеді.

Айыптау нұсқасына сәйкес, ерлі-зайыпты онлайн-курстарды сату түрінде заңсыз лотерея ұйымдастырған. Осылайша сатып алушыларға шын мәнінде білім беру өнімі емес, бағалы сыйлық ұтып алу мүмкіндігі ұсынылған. Бұл заңсыз лотерея қызметінің белгілеріне жатады дейді прокурор.

Судья айыпталушылардан кінәларын мойындай ма деп сұрады. Ерболат Жанәбілов әзірге бұл сұраққа жауап беруден бас тартатынын айтты.

Ал Эльмира Төлегенова сұраққа жауап беруден бас тартатынын айтты.

“Бұл сұраққа жауап беруден бас тартамын. Себебі қорғаушым екеуміздің өз ұстанымымыз бар. Біз оны барлық куәгер жауап берген соң, барлық материал зерттелген соң, өзімізді жауап алу кезінде толық түсіндіреміз. Сол кезде ғана бұл мәселеге қатысты пікір білдіре аламын”, – деді Төлегенова.

Сараптама қорытындысына сәйкес, осы жобаға байланысты шоттарға 247 миллион 653 мың теңге түскен.

Сот отырысында алғашқы куәгер жауап берді

Сот отырысында прокурор айыптау актісін оқып, кейін куәгерден жауап сұралды. Ал блогерлер  әзірге жауап беруден бас тартты.

Алғашқы куәгер ретінде Алматы қаласынан келген IT-маман Сұңғат Өтеболатов жауап берді. Оның айтуынша, ол Төлегенова үшін ұтыс ойындары мен онлайн-курстарға арналған сайттар жасаған. Бұл жұмыс үшін ол 7–8 миллион теңге алған. Ал бастапқы келісім 10 миллион теңге болған.

Адвокат Гаухар Айтжанова куәгерден блогерлер ұтыс нәтижесіне әсер ете алды ма деп сұрады. Куәгер блогерлерде ондай мүмкіндік болмағанын айтты. 

“Жанәбіловтердің “сәттілік барабанының” нәтижесін өзгертуге мүмкіндігі болмады. Сыйлықтар әдейі туыстарына берілмеді”, – деді ол сотта.

Сот барысында Жанәбілов куәгерден Алматы қаласындағы тергеуші Айжанның жауап алу кезінде өзін қалай ұстағанн сұрады.

“Тергеуші қобалжып отырды. Сұрақтар 70–80% қайталанды. Мен бірнеше рет өз жауабымды түзеттім. Жанәбіловтың тегін алып тастап, орнына Төлегенованың есімін қалдыруды сұрадым. Бірақ бір жерде бұрынғы күйінде қалып қойды”, – деді куәгер.

Блогерлер куәгерден тергеу органдарымен процессуалдық емес кездесулер болған-болмағанын сұрады. Куәгер кездесудің болғанын растады.

“Маған адвокаттардың қойған сұрағы блогерлерден ақша алып жатыр, блогерлерді сотқа тартып жатыр дегендей әсер қалдырды. Сол себепті мен тергеушілермен кездесу туралы әңгімені ойдан шығардым. Тергеуші мені пара беруге итермеледі деп те өтірік айттым”, – деді ол.

Бұдан кейін прокурор куәгердің тергеу барысында берген бұрынғы жауабын оқып берді.

“Тергеушінің сұрағы: “Ұтыс ойындарын өткізу үшін жауапкершілік қарастырылғанын олар білді ме?”. Жауап: “Менің ойымша, білді. Өйткені басқа блогерлерді осы үшін жауапкершілікке тартқан”, – деп оқыды прокурор.

Судья куәгерден тергеу кезінде берген осы жауаптарын қолдай ма деп сұрағанда, ол келісетінін айтты.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 16 Наурыз, 2026 17:32