Ватиканда жаңа Рим папасы сайланды
Фото: Vatican media
Ватикандағы Сикстин капелласында жиналған кардиналдар конклав барысында Рим-католик шіркеуінің жаңа басшысын сайлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл шешім дауыс берудің төртінші кезеңінің қорытындысы бойынша қабылданды.
Жергілікті уақыт бойынша 18:00-ден кейін Сикстин капелласының шатырындағы мұржадан ақ түтін шықты, бұл кардиналдар жаңа Папаны таңдағанын білдіреді. Жаңа Рим папасы болып америкалық Роберт Франческо сайланды. Ол Лев ХІV атын алды.
Фото: reuters.com
Жаңа Папа сайланғаннан кейін шамамен бір сағат ішінде Әулие Петр алаңына қарайтын балконға шықты.
Рим-католик шіркеуінің жаңа басшысы таңдалғаны туралы жаңалықты Әулие Петр алаңында жиналған мыңдаған адам қуанышпен қарсы алды.
Айта кетейік, Роберт Фрэнсис Прево 1955 жылы Чикаго қаласында дүниеге келген. Ол ерте жастан діни қызметкер болуға бел байлап, августиншілер орденіне кіріп, Римде білім алған. Шамамен 30 жыл бойы Перуде миссионерлік қызмет атқарып, сол жерде епархияларды басқарған және тіпті Перу азаматтығын алған.
2023 жылы Ватиканның епископтарды тағайындауға жауапты маңызды қызметінің басшысы болды. Прево әлеуметтік реформаларды қолдайтын және осал топтарға жәрдем беруді жақтайтын тұлға ретінде танымал.
Ол Рим Папасы қызметіне келген алғашқы америкалық болды.
Еске салсақ, 7 мамыр күні Ватиканда жаңа Рим папасын сайлау үшін конклав басталған еді. Бірінші және екінші турда конклав жаңа Папаны сайлай алмай, сәрсенбі күні кешке және бейсенбі таңертең Сикстин капелласының мұржасынан екі рет қара түтін шықты.

"Жеті жыл күттім": Алматылық жас жігіт 53 жастағы әйелдің жүрегін алғаннан кейін өмірі қалай өзгергенін айтты
