Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жан алу үшін келді: Пермь университетіне жасалған шабуыл туралы белгілі деректер

2021 жылы 20 қыркүйекте Пермьде Пермь мемлекеттік ұлттық зерттеу университетінің студенттері мен оқытушыларына қарсы қарулы шабуыл жасалды. Қылмыскердің қолынан 8 адам қаза тапты. Шабуыл университет аудиторияларында сабақ өтіп жатқан кезде болды. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі Aif.ru сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

пермь студент

"Абай болуларыңызды өтінеміз. Барлық сабақтар кейінге тоқтатылды"

Университеттің әлеуметтік желілердің біріндегі парақшасында мынадай жазба жарияланған: "Егер сіз дәл қазір университет қабырғасында, сонымен қатар аудиторияда болсаңыз өтінеміз, есікті мықтап бекітіп, ішінен шықпаңыз. Ал егер ашық алаңда жүрсеңіз, ол жерден мүмкіндігінше кетуге тырысыңыз. Университетке келе жатсаңыз – КЕРІ ҚАЙТЫҢЫЗ!"

Біраз уақыттан кейін келесі жазба пайда болады: “Сағат 11-лер шамасында белгісіз біреу травматикалық қарумен Пермь университетінің аймағына кіріп, оқу ордасына қарсы оқ жаудырды. Қазірше төрт жапа шеккен адамдар туралы белгілі. Қала мен университеттің барлық қызметтері дайын тұр. Ақпараттармен бөлісіп тұратын боламыз. Абай болуларыңызды өтінеміз. Барлық сабақтар кейінге тоқтатылды".


Студенттер терезеден секіріп қашуда: Пермьдегі университетте белгісіз біреу атыс шығарды (видео)


Қарбаласқан оқиға барысында көптеген қарама-қайшы ақпараттар тарады, бірақ, өкінішке қарай, қару ұстаған қылмыскердің бейнежазбасы – шындық. Университет ғимаратының жоғарғы қабаттарының бірінде оқитын студенттер оқу ордасына қолындағы қаруымен оқ атып келе жатқан жас жігітті түсіріп алған. РЕН-ТВ арнасының тағы бір тараған видеосынан студенттер қылмыскерден қашу үшін екінші қабаттың терезесінен секіріп жатқаны көрсетілген.

Жүйкесі жұқарған науқас жүйені қалай алдап соқты?

ТАСС Ресей ІІМ баспасөз орталығына сілтеме жасай отырып, шабуылдаушының қолға түскенін хабарлады.

"Бүгін таңертең кезекші полиция бөліміне Пермь мемлекеттік ұлттық зерттеу университетінің аумағында атыс дыбыстары естілгені туралы хабарлама келіп түсті. Алдын ала мәліметтер бойынша, қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Операция нәтижесінде шабуылдаған адамды полиция қызметкерлері ұстады", – деген баспасөз орталығы. Кей жерлерде қылмыскердің қолға түспей, керісінше, қаза болды деген ақпараттар да желдей есіп жүр.

Университетке шабуыл жасамай тұрып, шабуылдаушы әлеуметтік желіде өзінің болашақ әрекеттері туралы жазба қалдырған. Жазба авторы ақшаны қару сатып алу үшін әдейі жинағанын айтады. Ол тіпті заңды түрде қаруға лицензия алып, заңда белгіленген барлық процедуралардан өтіп, қаруды қауіпсіз ұстау бойынша оқу курсынан өткен. "Содан соң мен сейф сатып алдым. Мемлекеттік қызметтерге өтініш жіберіп Росгвардия қызметкерлерінің сейфтік тексерісінен өттім", – деп мәлімдейді жазбаны жазған адам.

Әлеуметтік желідегі жазбаның авторы адамдарға "бастауыш сыныптан бастап" зақым келтіруді ұнататынын мойындайды. Егер жазба шынымен де университетте оқ атқан адамға тиесілі болса, онда ол адамның психикалық проблемалары дер кезінде анықталмағаны қынжылтады. Нәтижесінде, жас жігіт оның құрбаны кімдер болатынына назар аудармастан айналасындағыларды жойғысы келген.


"Бұл туралы ұзақ ойлап жүрдім": Желіде Пермь университетінде оқ атқан жас жігіттің фотосы мен жазбасы таралды


"Мен өзімді жек көрем, бірақ менің жолымда қарсы тұрған адамдардың барлығына зиян келтіргім келеді. Басымнан қысқышпен қысқандай қоңыраудың дауысы одан сайын күшейе түсуде. Мені қоршаған ортаның барлығы түс секілді", – делінген жазбада.

"Қолға түсіру кезінде қарсылық көрсеткендіктен жарақат алды"

"Ресей тергеу комитетінің төрағасы Ресей тергеу комитетінің бас тергеу басқармасына Пермь университетінде атыс фактісі бойынша ашылған қылмыстық істі тергеуді тапсырды", – РФ СК ресми сайты. – Белгілі мәліметтер бойынша, 20 қыркүйекте Пермь мемлекеттік ұлттық зерттеу университеті ғимараттарының бірінің аумағында жүрген студент айналасына оқ жаудырған. Нәтижесінде 5 адам қаза тауып, 6 адам жарақаттанды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы нақты деректер әлі де нақтылануда. Күдіктінің жеке басы анықталды. Қолға түсіру кезінде қарсылық көрсеткендіктен жарақат алды. Тергеу ол туралы сипаттайтын материалдарды жинап, оқиғаның барлық мән-жайын анықтайды.

Шамалы уақыттан кейін Ресей Федерациясының Тергеу комитетінің сайтындағы құрбандар туралы мәліметтер жаңартылды. "8 адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы нақты деректер нақтыланып жатыр", – деп жазды комитет сайты.

Премьер-министр Михаил Мишустин денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко мен ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальковқа университеттегі қайғылы оқиғаға байланысты тез арада Пермьке ұшуды тапсырды.

"Сегізінші корпустағы мұғалімдердің бірі сабақты тоқтатудан бас тартты"

"АиФ-Пермь" сайты Ресей Федерациясы Ұлттық гвардиясының Приволжск округінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, шабуылдаушыны бейтараптандыру бойынша егжей-тегжейлі баяндайды: "Оқиға орнына ОМОН, СОБР бөлімшелері мен Ресей гвардиясының ведомстволық емес қарауылы дереу жетті. Күдікті құрықталды".

Қазіргі уақытта тергеушілер қайғылы оқиғаның куәсі болған студенттермен сұхбаттасуда. Қалғандарына үйлеріне кетуге рұқсат етілді – бұдан былай төніп тұрған қауіп сейілді.

Жалпы, оқушылардың айтуынша, оқытушылардың барлығы болған оқиғаға байсалды түрде қарамаған. "Шабуыл мен эвакуация басталған кезде, сегізінші корпустағы мұғалімдердің бірі сабақты үзуден бас тартып, сыныпқа кіруге тосқауыл қойды. Сонымен қатар ол студенттерге осы дәрістің материалдарын тексеретінін ескерткен", – деп хабарлайды 59.RU порталы. Егер бұл рас болып шықса, онда мұғалімнің жүрегінің түгі бар деген сөз. Алайда өзін және оқушылардың басын қатерлі тәуекелге тігудің қажеті қанша еді?!


Пермьдегі атыс: Аймағамбетов Қазақстан жоғары оқу орындарындағы қауіпсіздік туралы мәлімдеді


"Аудитория есігін тас бекітіп, тығылып отырдық. Қорқынышты"

Шабуыл куәгерлері барлығы тез болғанын айтады.

Дмитрий: "Сыныптан шықсам, адамдар қашып бара жатыр. Оқтың дауысы естілді. Мен жерде қансырап жатқан бірнеше адамды көріп, оларды қауіпсіз аймаққа жайғастырдым".

Светлана: "8 корпустың 4 қабатынан түсіп келе жаттық. Бір жігіттің турникет арқылы қалай кіргенін көрдік. Ол бірден оқ жаудырып, бір қызға оқ тиді. Ол қайтыс болды. Біз жоғарыға 3 қабатқа қарай қаштық. Бір аудиторияға кіріп тығылып отырдық... Атыс өте көп болды"

Семен: "Атыс болғанын естіп, аудиторияға кіріп, есікті тас қылып бекітіп тастадық. Немен дейсіз бе? Сыныпта болған заттың барлығымен: столдар, парталар, шкаф... Біз 60 адамдай болдық. Қорқынышты болды... Осындай қалыпта бір сағаттай отырдық".

Куәгерлердің айтуынша, қылмыскер университетке ұзақ қашықтықтан оқ атып кірген. 

Әдетте мұндай жағдайларда көп кездесетініндей, бірнеше қылмыскер бар деген ақпарат пайда бола бастады, қаланың басқа бөліктерінде атыс естілді. Алайда құқық қорғау органдары бұл хабарламалардың барлығы негізсіз, шабуылдаушы жалғыз болды және ол қолға түсті деді.

Қазіргі кезде қолда бар ақпаратқа сүйенсек, атысты ұйымдастырған 18 жастағы жігіт университетке осы жылы ғана түсіп, бар-жоғы үш апта ғана оқып үлгерген. Ол жігіттің осыншалықты қауіп төндіретінін ешкім саралап та үлгермеген. Лауазымдық міндеттеріне осы жұмыстар кіретін адамдар да мұны дер кезінде анықтай алмаған.

Болған оқиғаның барлық егжей-тегжейін тергеу анықтайды. Алайда, бір өкініштісі, қаза тапқандарды енді ешкім кері қайтара алмайды.

Талқылау