Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында жарылыстан қаза тапқандар саны 9-ға жетті

Тараз маңындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқандар саны тоғызға жетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Соңғы мәліметтер бойынша бес әскери көз жұмған болатын. 

"Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі жарылыс салдарынан соңғы мәліметтер бойынша барлығы 9 адам көз жұмды. Оның ішінде төтенше жағдайлар министрлігі, әскери бөлім, әскерилендірілген күзет және әскери прокуратура қызметкерлері бар. Көз жұмғандардың жеке басы анықталып жатыр. Хабар-ошарсыз кеткен 4 адам туралы мәлімет анықталуда", - дейді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.

Алдын ала ақпарат бойынша ауруханаға ТЖ департаменттерінің 49 қызметкері түскен.

Оқиға орнында төтенше жағдайлар министрі бастаған ТЖМ жедел тобы жұмыс істеп жатыр.

Төтенше жағдайды жоюға жұмылдырылды:

  • ТЖМ – 153 қызметкер, 46 бірлік техника,
  • ДП – 400 қызметкер, 54 бірлік техника,
  • №28349 ә/б – 8 қызметкер, 2 бірлік техника,
  • №5513 ә/б – 273 әскери қызметші, 12 бірлік техника,
  • Ұлттық Ұлан – 520 адам және 250 адам резервте.

Халыққа ақпараттық және психологиялық көмек көрсету үшін қауырт желі ашылды: 33-32-89, 53-32-79, 8 (7262) 51-41-67, 51-37-75, +77788109109.



Тағы бірнеше адам байланысқа шықпауына байланысты іздеу жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, кеше сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жарылыс болды. Жақын маңдағы тұрғындар эвакуацияланды. Жарылыс салдарынан 88 адам зардап шегіп, 9 әскери қаза тапты. 6 адамның жағдайы ауыр деп бағалануда. 

Талқылау