Жамбыл облысындағы жас сарбаздың өлімі: Қорғаныс министрлігі пікір білдірді
Жамбыл облысына әскери борышын өтеуге келген жас сарбаз бір аптаға жетпей қаза тапқан еді. Қайғылы жағдайдан кейін Қорғаныс министрлігі ресми пікір білдіріп, болған оқиға туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, генерал-майор Серік Борамбаевтың сөзінше, Әлібек Қалбай сапқа тұру кезінде өзін нашар сезініп, есінен танып қалған.
"Медицина қызметкерлерінің жасаған амалдарына қарамастан, жас сарбаздың өміріне араша түсу мүмкін болмады. Ең бастысы, біз ұлдарын келмеске жоғалтқан туған туысқандары мен жақындарын соның ішінде ата-аналарын түсінеміз және қайғырып көңіл білдіреміз.
Сонымен қатар, қатардағы жауынгер Калбайдың қаза болуына себепкер болған мән-жағдайларды қоғамның білуі қажет", - деді ол.
Борамбаев арнайы құрылған жедел-тергеу тобымен қылмыстық істің аумағында болжамды барлық орын алған жағдайлар толығымен қарастырылатыны, қажетті сараптамалар тағайындалатынын айтып өтті.
"Оқиға орнын қарау барысында құқық қорғау органдарының ресми қорытындылары бойынша, сондай-ақ мәйітке соттық-медициналық сараптауды жүргізуде қаза болғанға дейін жарақаттар мен көгерулер анықталмағанын айта кеткен жөн. Қазіргі уақыттағы тері қабаттарының өзгеруінің бар болуы соттық-медициналық сараптауды жүргізумен және қаза болудың биологиялық процесімен байланысты.
Сеніңіздер, тергеудің объективті жүргізілуіне біз де мүдделіміз, себебі барлық сатыдағы командирлер бағынысты әскери қызметшілердің жалпы өмірі мен денсаулығына ата-аналар мен мемлекет алдында тек қана заң аумағында ғана емес, сонымен қатар моральдік жауапкершілікке тартылады", - деп қосты Серік Борамбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында әскери борышын өтеуге барған 18 жастағы сарбаздың қаза тапқаны туралы хабарлаған едік. Туыстары Әлібек Қалбайдың №30212 әскери бөліміне жіберілгенін айтады.