Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жала жапқандардан 100 миллион теңге талап етемін": Түркияда жүрген Бекболат Тілеухан азаматтығына қатысты тағы да үндеу жариялады (видео)

БАҚ беттерінде Бекболат Тілеуханның Түркия азаматтағын алатыны жайлы ақпарат тараған. Көп ұзамай экс-депутат жазба жариялап, мұның жалған екенін мәлімдеген еді. Кейін Тілеухан тағы бір видео жариялап, өзі туралы “жалған ақпарат таратқандарды” сотқа беріп, 100 миллион теңге өндірмекші екенін айтты. Ал қаржыны "Қазақстан халқына қоры" мен "Отандастар" қорына беруді жоспарлап отыр екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бекболат

Бекболат Тілеуханның сөзінше, өзінің Түркия азаматтағын алатыны туралы мәлімет тараған соң әлеуметтік желіде видео жариялап, пікір білдіруге тура келген. Себебі ол өзге елдің азаматтығын алуды мүлде жоспарламаған. 

"Қазір Ыстамбұл қаласындамын. Біреулер айтқандай қашып жүргенім жоқ. Неліктен қашуым керек? 29 желтоқсанда парламенттен кетіп, Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясына қызметке кеткенімді ресми түрде айттым", – деді ол. 

Экс-депутат өзі туралы жалған ақпарат таратып, жала жапқандарды сотқа беретінін мәлімдеді. Сонымен қатар өтемақы талап ететінін айтты. 

"Жала жапқандармен, азаматтық мемлекет болғандықтан, сотта кездесеміз. Ulysmedia порталынан 100 миллион теңге талап етемін деп ойлап отырмын. Бірақ мұның бір тиынын да қалтама баспаймын. Қаржыны "Қазақстан халқына қоры" мен "Отандастар" қорына жіберемін. Сырттан келген бір қазаққа болсын көмек. Кісіге жала жауып ақша тапқаннан гөрі тапқан-таянғанын халықпен бөліссін", – дейді ол. 

Сонымен қатар Бекболат Тілеухан арнайы журналисті шақырып, алдағы уақытта сұхбат беретінін де қосып өтті.

Ал екінші видеосында Тілеухан өзінің паспортын көрсетті. 

"Қазір жұмыстармен Босфор бұғазындамын. Бұл – Қазақстан елшілігі, халықаралық заң бойынша еліміздің бір пұшпағы болып есептеледі. Қолымда еліміздің көк паспорты. Ешқандай паспорт алмадым. Азаматтық ауыстырған жоқпын. Қисынсыз жалаға сенбеңіздер", – деп түйіндеді Бекболат Тілеухан. 

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде және БАҚ беттерінде Бекболат Тілеуханның Түркия азаматтығын алатыны жайлы ақпарат тараған еді. Көп ұзамай экс-депутат ақпаратқа қатысты пікір білдіріп, мұны жоққа шығарған.

Талқылау