"Жақсылық жасамадым": Азамат Сатыбалды марқұм әкесіне арнап, жазба жариялады
Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ-ның президенті, танымал актер Азамат Сатыбалды марқұм әкесін еске алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/azamatc
Отандық киножұлдыз жеке парақшасында әкесіне арнап естелік жазып, оның қайтыс болған сәтін айтып берді.
“Бүгін – әкемнің өмірден өткен күні. Осыдан төрт жыл бұрын, дәл осы күні кешкі сағат сегіздерде әкем бізбен қоштасты. Жандарыңыз жәннаттық болсын асқар тау әкешім, аяулы анашым. Дүниеде әкеңе еркелеуден асқан бақыт бар ма?! Көп нәрсе жазғым келеді, бірақ сағыныш деген сезім алқымдап тұншықтырып тұр. Әке-шешең өмірден өткенде екі өкініш қалады: Неге жақсылық жасамадым? Жасасаң, неге бұдан да көп жасамадым екен? деген. Өзекті өртейді”, – деп жазды актер.
Сонымен қатар өнер иесі күллі адамзатты ата-ананы тірісінде қадірлеп, бағалауға шақырды.
“Ата-анасы мына өмірде барлар, қандай бақыттысыңдар! Бағалаңдар. Жақсы көріңдер. Беттерінен қайта-қайта сүйіңдер. Сыйлық жасаңдар. Жағдайын сұраңдар. Көңілдерін көтеріңдер. Барынша батасын алыңдар. Бақыт батада", – деп жазды Азамат Сатыбалды.
Еске салайық, жыл соңында актердің анасы да дүниеден озған еді.