"Жақындары мен достарынан ақша сұраған": Маңғыстауда бетіне оқ тиіп қаза болған сарбаздың анасы мәлімдеме жасады (видео)
Ақтаудағы "Оймаша" полигонынында бетінен оқ тиіп, қаза тапқан сарбаз Марат Барқұлов қайтыс болар алдында жақындары мен достарынан ақша сұраған екен. Аталған жайтты марқұмның анасы Әсия Барқұлова айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Блогер Дамир Көшеевтің Instagram парақшасында сарбаздың анасы, әкесі және достары түскен видео пайда болды.
Марқұмның әкесі Ербол Барқұловтың айтуынша, Марат бастапқыда әскерге барғысы келмеген. Алайда бір жылдан кейін ол ойынан айнып, Отан алдындағы борышын өтеуге бел буыпты.
"Ұлым осы жылы өз еркімен әскер қатарына аттанды. Ол Қазақстанның таңдаулы әскерлерінің қатарына қосылғанын мақтан етті. Теңіз жаяу әскерінің қатарына қосылғанына қуанды", – дейді марқұмның әкесі.
Мараттың анасы ұлынан Шығыс Қазақстанда қызмет етуді сұрағанын айтты. Дегенмен ол өз таңдау жасағанын айтып, анасынан алаңдамауын өтініпті.
"Үнемі бәрі жақсы деп айтатын. Көп ақша сұрамайтын, әрі кетсе екі мың теңге. Сол күні, бейсенбіде (5 қыркүйек) ол қандай да бір себептермен ақша жинай бастады. Екі сағаттың ішінде бәріне қоңырау шалыпты. Әкесі мен әпкесіне байланысыпты. Маған ғана хабарласпады", – дейді Әсия Барқұлова.
Әкесінің айтуынша, әдетте Марат ақшаны жексенбі күні сұрайтын. Сома 2-3 мың теңгеден аспайтын. Бірақ кейінгі кездері жиі хабарласып, ақша сұраған.
"Маған қоңырау шалып, ақша сұрады. Неге деп сұрадым. 2-3 күн қатарынан телефон соғып, ақша сұраған кезі болды. 2-3 мың теңге сұрайтын. 4-5 қыркүйек күндері сөйлескенбіз. Сол кезде ол дауыс ұлғайтқыш алу үшін ақша жинап жатқандарын айтты. Одан қазан айына дейін күте тұруын сұрадым. Өзім барып, жақсы дауыс ұлғайтқыш алып беретінімді айттым. Ол бірнеше күн қатарынан ақша алды. Мүмкін офицерлердің бірі нашақор шығар", – деді әкесі.
Қайғылы оқиғаға түсініктеме берген Қазақстан "Батыс" әскерлерінің қолбасшысы Бауыржан Артықов армияның толық қамтамасыз етілгенін айтты. Ал әскери қызметкерлер арасында бопсалаудың алдын алу мақсатында командирлермен ата-аналар арасында ортақ чат ашылды дейді.
"Бірінші күннен бастап біз ата-аналардан, егер мұндай факт анықталса, дереу хабарласуын сұрадық. Жағдайдан хабардар болайық дедік. Өкінішке қарай, қайғылы оқиға болды. Сондықтан мен әскер командирі ретінде ата-анадан, туған-туыстары мен жақындарынан кешірім сұраймын. Бүгін біз оны соңғы сапарға шығарып салдық", – деді Артықов.
Ол Мараттың өліміне кінәлі офицер ғана емес, басқа да жауапты тұлғалардың тәртіптік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтты.
10 қыркүйекте бетінен оқ жарақатын алған сарбаз Марат Барқұловты туған-туыстары соңғы сапарға шығарып салды. Жерлеу оның туған ауылы Самарскоеде өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстау облысында борышын өтеп жүрген сарбаз полигонда бетіне оқ тиіп, көз жұмғаны туралы жазған едік. Бас әскери прокуратура сарбаз өліміне қатысты істің “қасақана адам өлтіру” бабымен тергелетінін мәлімдеді.